Астанаға жаңа әуежай: Сарапшы құрылысқа балама ұсынды
Маманның пікірінше, түпкілікті шешім жолаушылар ағыны, экология және көлік инфрақұрылымы ескеріліп қабылдануға тиіс.
Астанада жаңа әуежай қай жерде салынуы керек – жаңа аумақта ма, әлде қолданыстағы әуежайды кеңейткен дұрыс па? Бұл мәселе бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Тұрақты даму және урбанистика саласының сарапшысы Әлихан Көшербаев BAQ.KZ тілшісіне екі нұсқаның да артықшылықтары мен тәуекелдерін айтып, қазірден бастап қандай мәселелерге назар аудару керектігін түсіндірді.
Бұған дейін 2026 жылғы 30 маусымда өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежай құрылысын қысқа мерзімде бастауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы көлік-логистика саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, Қазақстанда толыққанды авиациялық хабтарды дамыту қажеттігін айтты.
Астанада жаңа әуежай салу – кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Оның құрылысын мүмкіндігінше қысқа мерзімде бастау қажет, – деді Президент.
Кейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жобаны іске асыруды 2027 жылы бастау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, елорда әкімдігі қажетті дайындық жұмыстарын бастап кеткен.
Билік жобаны жүзеге асыруға әзірленіп жатқан кезде мамандар болашақ әуежайдың қандай болуы керектігі және елорда үшін қай шешім тиімді екені жөнінде пікір білдіріп жатыр.
Қолданыстағы әуежайды кеңейту
Тұрақты даму және урбанистика саласының сарапшысы Әлихан Күшербаев жаңа әуежай салумен қатар қазіргі әуежайды одан әрі кеңейту мүмкіндігін де қарастыру қажет деп санайды.
Менің ойымша, қазіргі әуежайды кеңейту – қисынды шешімдердің бірі. Мұнда қажетті инфрақұрылымның бәрі бар: жолаушылар және жүк терминалдары жұмыс істейді, автокөлік жолдары мен қоғамдық көлік қатынасы қалыптасқан. Қосымша ұшу-қону жолақтары мен терминалдарды дамыту оны ірі авиациялық хаб ретінде күшейте түсер еді, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған әуежайды дамыту қалыптасқан көлік және логистикалық байланыстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жолаушыларға ғана емес, әуе компанияларына, жүк тасымалдаушыларға және әуежай қызметкерлеріне де қолайлы.
Сонымен бірге урбанист әуежайдың Майбалық көліне жақын орналасқанына назар аударды. Оның пікірінше, жаңа нысандар мен ұшу-қону жолақтарын жобалау кезінде бұл фактор міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Әуежайды кеңейту кезінде толыққанды экологиялық бағалау жүргізу қажет. Су айдынының жақын орналасуы жаңа жолақтар мен инфрақұрылым нысандарының бағытын таңдауда ерекше сақтықты талап етеді, – деді Көшербаев.
Әуежайлар арасындағы көлік байланысы
Сарапшы егер екінші әуежай салынса, оның қандай қызмет атқаратынын алдын ала айқындау қажет екенін айтты. Атап айтқанда, ол жолаушылар рейстеріне, жүк тасымалына немесе белгілі бір бағыттарға мамандана ма – осы мәселе шешілуі керек.
Оның айтуынша, екі әуежай жұмыс істейтін жағдайда олардың өзара және қаламен ыңғайлы көлік байланысын қамтамасыз ету маңызды.
Жолаушылар мен жүктердің екі нысан арасында қалай қатынайтынын алдын ала ойластыру қажет. Егер әуежайлардың қызметі бөлінетін болса, онда қайта міну мен жүк жеткізу қолайлы болуы үшін сенімді автомобиль және теміржол байланысы қажет, – деп түсіндірді урбанист.
Ол бұл ретте теміржол инфрақұрылымын дамытудың маңызы зор екенін айтты. Мұндай жүйе жолаушыларды ғана емес, әуежай жұмысына қажетті жүктерді, оның ішінде авиациялық отынды тасымалдауға мүмкіндік береді.
Жаңа әуежай Астананың дамуына қалай әсер етуі мүмкін?
Әлихан Көшербаевтың пікірінше, әуежайдың жаңа аумақта салынуы оған іргелес аудандардың дамуына серпін береді.
Әуе айлағы логистикалық компаниялар, қонақүйлер, қызмет көрсету кәсіпорындары және жаңа көлік жобалары үшін тартымды орталыққа айналуы мүмкін. Сонымен қатар автомобиль және теміржол желілерінің болуы аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Егер әуежай теміржол желілері мен автомобиль жолдары бар аумақта салынса, бұл жергілікті экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Мұндай аумақ кәсіпорындар мен жаңа жобалар үшін тартымды бола түседі, – деді сарапшы.
Сонымен бірге ол мұндай шешім ұзақ мерзімді жолаушылар ағынының болжамына, авиация саласының дамуына, демографиялық өзгерістерге және экономикалық тиімділікке негізделуі керек екенін айтты.
Осылайша, елордадағы әуежай инфрақұрылымын дамыту барысында маман бірнеше нұсқаны қатар қарастыруды ұсынады. Олар – жаңа әуежай салатын аумақты алдын ала резервке қою, қолданыстағы әуежайды жаңғырту және ыңғайлы көлік жүйесін қалыптастыру.
Оның пікірінше, түпкілікті шешім қабылданғанда жолаушылардың мүддесі, қаланың даму перспективасы және қоршаған ортаға әсері жан-жақты ескерілуге тиіс.
Сарапшы жаңа әуежай құрылысы жеке инфрақұрылымдық жоба ретінде емес, елорданы ұзақ мерзімді дамыту жоспарының бір бөлігі ретінде қарастырылуы қажет екенін атап өтті. Сондықтан шешім қабылдау кезінде болашақ жолаушылар ағынымен қатар көлік қолжетімділігі, экологиялық факторлар және қаланың болашақтағы құрылысы да ескерілуі тиіс.
Бұған дейін Астана әкімдігі екінші әуежайдың нақты қай жерде салынатыны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Тағы оқи отырыңыз: Астана әуежайында автотұрақ тарифі 1 тамыздан бастап өседі