Астанада LRT-да шыққан өрт сөндірілді: Қазір станцияда не болып жатыр?
Жолаушылар мен инфрақұрылымға төнген қауіп тіркелген жоқ.
Жағдайды өз көзімен көру үшін BAQ.KZ журналисі кеше кешке өрт шыққан Астанадағы «Театр» LRT станциясына барды. Оқиға орнында қалыпты жұмыс жағдайы сақталған, айтарлықтай зақымдану белгілері байқалмайды.
City Transportation Systems берген мәліметке сәйкес, оқиға 2026 жылғы 5 мамырда сағат 22:18 шамасында солтүстік өткелдің кіреберіс тобында болған.
Дәнекерлеу жұмыстары кезінде құрылыс қоқысы жанған - болжам бойынша, шыны мақтаға (стекловата) ұшқын тиген.
Станцияның кезекші қызметкерлері өртті алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жедел түрде өшірген. Оттың конструкциялар мен жабдықтарға таралуына жол берілмеді, зардап шеккендер жоқ.
Өткел ашық, жабдықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, инфрақұрылымның зақымдану белгілері байқалмайды.
Оқиға орнында қызметкерлер жұмыс істеп жатыр, жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Станция бастығы Руслан Динабеков жағдайдың алғашқы минуттардан бастап бақылауда болғанын растады.
Дәнекерлеу жұмыстары кезінде ұшқын ұшып, жанында шыны мақта болғандықтан, кішігірім өрт шықты. Біздің қызметкерлер бірден әрекет етіп, отты өз бетінше сөндірді. Көрші үйдің тұрғындары өрт сөндіру қызметін шақырған, бірақ олар келгенше бәрі оқшауланған болатын. Шамамен 15-25 минут ішінде жағдай толық бақылауға алынды. Сондай-ақ полиция және басқа да қызметтер келді. Қазір ешқандай қауіп жоқ, - деп хабарлады ол.
Станцияда үрей мен адамдарды эвакуациялау белгілері байқалмайды, қозғалыс үзілген жоқ.
Қызметкерлердің айтуынша, оқиға жергілікті сипатта болған және нысанның жұмысына әсер етпеген.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы LRT станциясында өрт шыққаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Астанада LRT қозғалысы тоқтады: Пойыздар 5 мамырға дейін жүрмейді
Астанада жеңілдігі бар LRT картасын үйден шықпай қалай рәсімдеуге болады?