Астанада көпқабатты үй өртенді: Құтқарушылар тұрғындарды жалын арасынан алып шықты
Отырар көшесіндегі 13 қабатты үйде өрт шықты. Құтқарушылар бірнеше адамды, оның ішінде баланы аман алып қалды. Оқиғаның мән-жайы қандай?
Астана қаласының Байқоңыр ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, құтқарушылар 4 адамды, оның ішінде бір баланы аман алып қалды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Отырар көшесіндегі 13 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде ғимараттың жоғарғы қабаттарындағы балкондар ашық жалынмен жанып жатқан.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмей, ашық жалын қысқа уақытта сөндірілді.
Өртті сөндіру барысында ТЖМ қызметкерлері арнайы құтқару маскаларын пайдаланып, 4 адамды, оның ішінде 1 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Сондай-ақ құтқарушылардың көмегімен тағы 10 тұрғын эвакуацияланды, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыған.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бұған дейін Астанада 13 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Тағы оқи отырыңыз: Шымкентте сегіз баланың анасы отбасының көз алдында өртеніп кетті
Үндістанда оқу орталығы өртеніп, 15 адам көз жұмды