20 Қараша 2026, 20:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астанада аяз, Алматыда жаңбыр мен қар күтіледі: 30 қарашаға дейінгі ауа райы болжамы

Қараша айының соңында Астанада күн айтарлықтай суытады, Алматыда жаңбыр мен қар жауады, ал Шымкентте жылы күндерден кейін ауа температурасы төмендей бастайды. Сонымен қатар, 21 қарашада Қазақстан өңірлерінде тұман, көктайғақ және желдің күшеюі болжанып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана

21-26 қараша аралығында елордада күндізгі ауа температурасы 0 мен +6 градус аралығында құбылады. Көбіне жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі.

27 қарашадан бастап күн суытады. 28 қарашада ауа температурасы түнде −8 градусқа, күндіз −5 градусқа дейін төмендейді. 30 қарашаға қарай синоптиктер түнде −11…−13, күндіз −5…−7 градус аяз болады деп болжап отыр.

Алматы

Алматыда онкүндіктің бірінші жартысы салыстырмалы түрде жылы болады. 21–24 қараша аралығында күндіз ауа +14…+17 градусқа дейін жылынып, түнде +4 пен +9 градус аралығында болады деп күтілуде.

25 қарашадан бастап температура төмендей бастайды. 28 қарашаға қарай күндіз +5…+7 градус, ал 30 қарашада небәрі +1…+3 градус жылы болады деп болжануда. Түнде термометр бағандары −2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Кей күндері жаңбыр мен қар жауады.

Шымкент

Шымкентте 21-23 қараша күндері ауа райы жылы болады: күндіз +18-ден +22 градусқа дейін. Алайда 24 қарашада температура +13…+15 градусқа дейін төмендейді.

27 қарашадан бастап күннің суытуы айқынырақ сезіледі. 28-30 қарашаға қарай күндіз +5…+8 градус күтіледі, ал түнде ауа температурасы −2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Онкүндік бойы жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды, ал айдың соңына қарай сулы қар аралас жауын-шашын болжанады.

21 қарашаға арналған дауылды ескерту Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тұман мен көктайғақ болжанады.

Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында кей жерлерде жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Батыс Қазақстан облысының жекелеген аудандарында желдің екпіні 23 м/с-қа жетуі мүмкін.

Алматы облысында жел кей жерлерде 25 м/с-қа дейін, ал Жетісу облысында, Алакөл көлдері ауданында 17–22 м/с-қа дейін күшейеді.

Түркістан облысында жаңбыр, найзағай және тұман, ал таулы аудандарда қар жауады деп болжанып отыр.

Тұман, көктайғақ және қатты желге байланысты жүргізушілерге, әсіресе түнгі және таңғы уақытта жолдарда аса сақ болу ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» РМК Қазақстанда биыл қыс қандай болатыны туралы болжам жасады. 

Сондай-ақ, қазақстандықтар желтоқсанда неше күн демалатыны хабарланды.