Астана-Ларнака бағыты ашылды: Тоқаев алғашқы рейстің маңызын айтты
Тоқаев Астана мен Ларнака арасындағы тікелей әуе қатынасының іске қосылуы екі ел байланысын жаңа деңгейге шығаратынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидиспен келіссөздер барысында екі ел арасында екіжақты қарым-қатынасымыз тұрақты түрде нығайып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз саяси байланыстарды үзбей жалғастырып, сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты консультациялар өткізіп келеміз. Астана мен Никосияда елшіліктердің өзара ашылуы жүйелі әрі практикалық ынтымақтастыққа берік институционалдық негіз қалады, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астана мен Ларнака арасындағы әуе рейсіне тоқталды.
Сіздің Астана–Ларнака бағыты бойынша алғашқы рейспен келуіңіз де символдық мәнге ие. Бұл екі ел арасындағы тұрақты тікелей әуе қатынасының басталғанын білдіреді. Сонымен қатар қазіргі сауда айналымы елдеріміздің экономикалық әлеуетін толық көрсетпейтінін екеуміз де жақсы түсінеміз. Жоғарыда айтқанымдай, екіжақты байланыстарымыздағы барлық мүмкіндік пен әлеуетті толық пайдалану үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Ортақ міндетіміз – саяси ерік-жігерді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру, - деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев Кипрден іскер топ өкілдері делегаицясының келуін жоғары бағалады.
Бұл Кипр бизнесінің Қазақстанға қызығушылығы артып келе жатқанын анық көрсетеді, - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін елордада Қазақстан-Кипр келіссөздері басталғаны туралы жаздық.
Сондай-ақ, Президент «Саяси ерік-жігер нақты нәтижеге айналуы керек» деп Кипрмен байланыс туралы айтты.