Бүгiн 2026, 18:03 Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбеде 38 рет ереже бұзған жүргізуші ұсталды: Айыппұлы 1,3 млн теңгеге жеткен

Полиция бір күнде шетелдік тіркеудегі бірнеше көлікті анықтады. Кейбір жүргізушілердің төленбеген айыппұлы миллиондарға жеткен.

Ақтөбеде жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзған және жалпы сомасы 2,5 миллион теңгені құрайтын төленбеген айыппұлы бар көліктер анықталды.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің мәліметінше, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Патрульдік полиция батальоны жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді анықтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Құқық қорғау органдары әсіресе 10 және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, сондай-ақ салынған айыппұлдарды уақытылы төлемейтін жүргізушілерге ерекше назар аударып отыр.

Профилактикалық іс-шаралар барысында бір күннің ішінде шетелдік тіркеудегі төрт автокөлік анықталған. Олардың иелерінің төленбеген әкімшілік айыппұлдарының жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеге жеткен, - деп хабарлады облыстық ПД.

Атап айтқанда, шетелдік тіркеудегі Honda маркалы көлік жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін 38 рет бұзған. Соның нәтижесінде көлік иесіне жалпы сомасы 1,3 миллион теңге айыппұл салынған.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары Changan маркалы автокөліктің жүргізушісін анықтаған. Ол көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз басқарып, құқық бұзушылықтарды тіркеуден және әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруға әрекеттенген, - делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған көлік құралдары иелері барлық міндеттемелерін орындағанға дейін арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.

Полиция департаменті көлік құралының қай мемлекетте тіркелгеніне қарамастан, әрбір жүргізуші Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін сақтауға және заң талаптарын орындауға міндетті екенін еске салды.

Ведомство азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеуге және заң талаптарын орындауға шақырды. Полицияның мәліметінше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Бұған дейін Беларусьте «Гелендваген» мінген қазақстандық әйелге айыппұл салынғаны туралы хабарладық.

Сондай-ақ, Қазақстанда 500 мыңнан астам адамның айыппұлы кешірілетіні хабарланды