Ақтөбеде 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен үш адам ұсталды
Ақтөбеде 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен үш адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полицияға жас жігіт хабарласып, бірнеше адамның оны қорқытып, өзінен ақша бопсалап жүргенін айтқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтап, үш жас жігітті полиция бөліміне жеткізді.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер 2025 жылдың соңында жәбірленушінің ұялы телефонын тартып алып, кейін одан қосымша 2 миллион теңге беруді талап еткен.
Ақшаны беру кезінде күдіктілер полиция қызметкерлерімен қылмыс үстінде ұсталды.
Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінде жүргізілген санкцияланған тінту барысында травматикалық тапанша, пышақ және 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтыққа арналған бір оқ-дәрі тәркіленді. Аталған заттарға қатысты тиісті сараптамалар тағайындалып, олардың нәтижесі бойынша құқықтық баға берілетін болады, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті ескертеді: егер сізге қатысты ақша немесе мүлікті қорқыту, күш көрсету не басқа да заңсыз әрекеттер арқылы талап ету фактілері орын алса, дереу полицияға хабарласыңыз. Уақтылы жүгіну қылмыстың жолын кесуге және кінәлі тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысқан жеті күдікті ұсталды.
Тағы оқи отырыңыз:
Түркістандағы контрабанда: 200 млрд теңгені заңсыз шетелге шығармақ болғандар анықталды
Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы қатарластарын қорқытып, ақша бопсалаған
TikTok-тағы таныстық: Жетісуда кәмелетке толмаған қыздың интимдік фотоларын таратқан күдікті ұсталды