18 Тамыз 2026, 13:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Ақтауда есірткіге масаң күйде көлік жүргізгендер ұсталды: Пәтерден 100 грамнан астам апиын табылды

Екі азаматтың есірткіге масаң күйде болғаны анықталды. Көліктерінен ақша, ал жалдамалы пәтерден есірткі мен өзге де заттар тәркіленді.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен республикалық «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында екі күдіктіні ұстады.

Күдіктілердің бірінің автокөлігін тексеру барысында полиция қызметкерлері 600 мың теңге тауып, тәркіледі.

Кейін екінші күдікті ұсталды. Оның автокөлігін тексеру кезінде 480 мың теңге тәркіленді. Ақтау қаласындағы жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту барысында жалпы салмағы 100,8 грамм болатын есірткі заты – апиын салынған 10 орама мен полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сондай-ақ электронды таразы, есірткі дайындауға және қолдануға арналған құралдар және 670 мың теңге тәркіленді, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Медициналық куәландыру нәтижесінде екі ұсталған азаматтың да есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.

ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу жалғасуда.

Еске сала кетейік, Ақтауда полиция күдік тудырған азаматты ұстады. Жеке тінту кезінде одан «Тропикамид» және «Прегабалин» күшті әсер ететін заттар мен есірткіге ұқсас ұнтақ табылып, тәркіленді.

Сондай-ақ, Маңғыстауда шаруашылық нысанынан 83 келі есірткі табылды. Полиция жедел ақпарат бойынша нысанды тінтіп, бес қап марихуана тәркіледі. Оқиғаға қатысты 27 жастағы күдікті ұсталды.