Бүгiн 2026, 10:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Ақшаңызды еселеп қайтарамын" деп 154 адамды алдаған алаяққа үкім шықты

Instagram-да "ақшаңызды еселеп қайтарамын" деп жарнама жасаған азаматқа сот үкімі шықты. Оның әрекетінен 154 адам зардап шеккен.

Қызылорда қаласының «А» есімді 32 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы жасалған алаяқтығы үшін 2026 жылы 6 наурыздағы сот үкімімен 3 жыл 1 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметінше, «А» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake.87089241173» деп аталатын жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденген.

Нәтижесінде республика бойынша 154 адам алданып, келтірілген мүліктік залал 12 млн жуық теңгені құраған.

Басты сот талқылауында сотталған кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен өтеуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған, - делінген облыстық  прокуратураның хабарламасында.

Бүгінгі күні сотталған «А» тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеуде.

Үкім заңды күшіне енген.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Украинаның Одесса қаласындағы call-орталықтан 120 қазақстандық зардап шеккен. Аталған call-орталықтың көзі жойылды. Келтірілген шығын көлемі 85 миллион теңгеден асады.

Тағы оқи отырыңыз: «Еңбек өтіліңіз табылды»: БЖЗҚ атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарды алдап жатыр