АҚШ пен Иран келіссөздерінде "үміт ұялататын прогресс" байқалды
Пәкістан мен Катар өкілдерінің айтуынша, тараптар соғысты 60 күн ішінде тоқтату жөніндегі түпкілікті келісімге қол жеткізу үшін жол картасын келіскен.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер "үміттендіретін прогресс" көрсетіп отыр, алайда шиеленіс әлі де сақталып отыр.
Дүйсенбі күні таңертең Швейцарияда аяқталған келіссөздердің алғашқы раундында АҚШ пен Иран өкілдері «үміттендіретін прогреске» қол жеткізді, деп жазады Reuters. Бұл туралы келіссөздерге делдал болған тараптар мәлімдеді. Алайда Ливан мен Ормуз бұғазына қатысты жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Пәкістан мен Катар өкілдерінің айтуынша, тараптар соғысты 60 күн ішінде тоқтату жөніндегі түпкілікті келісімге қол жеткізу үшін жол картасын келіскен. Бұл келісім Тегеранның бұғазды қайта жабуы және АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы шабуылдарды қайта бастау қаупін айтуы сияқты шиеленісті жағдайларға қарамастан жасалған.
Делдалдардың мәліметінше, АҚШ пен Иран Израиль мен Иран қолдайтын Ливандағы «Хезболла» қозғалысы арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтату тетігі туралы келісімге келген. Сонымен қатар тараптар мұнай мен сұйытылған табиғи газдың әлемдік жеткізілімі үшін аса маңызды Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында байланыс арнасын ашқан.
Тараптардың бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, техникалық келіссөздер апта соңына дейін Катарға тиесілі Швейцариядағы Бюргеншток тау шаңғысы курортында жалғасады.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желідегі парақшасында Тегеран мұнай және мұнай-химия өнімдерінің экспортына қойылған шектеулерді алып тастауға, бұғатталған активтердің бір бөлігін босатуға және Иранды қайта құру мен дамыту жоспарын іске қосуға қол жеткізгенін жазды.
Тегеран Ормуз бұғазын бұғаттай бастаған кезде мұнай бағасы күрт өскен болатын. Бұған жауап ретінде АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізді. Алайда өткен аптада АҚШ пен Иран уақытша келісімге қол қойғаннан кейін мұнай бағасы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған бірлескен шабуылдарынан кейін басталған соғыс кезеңіндегі деңгейден төмендей бастады.
Дүйсенбі күнгі бірлескен мәлімдемеден кейін мұнай бағасы төмендеуін жалғастырды, өйткені әлемдік нарықта ұсыныс тапшылығы болады деген алаңдаушылық әлсіреді. Гринвич уақыты бойынша сағат 08:15-те Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 80 доллардан төмен бағамен саудаланды.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер Швейцарияда жалғасып жатқаны туралы жаздық.
Тағы оқи отырыңыз: Ормуз бұғазы жабылды: Иран кемелердің өтуіне тыйым салды