Бүгiн 2026, 17:35 Фото: Threads

Ақсай өзенінде қауіп жоқ, жағдай бақылауда – Алматы ТЖД

Мамандар жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дамир Ермағамбетов Ақсай өзеніндегі ахуалдың толық бақылауда екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, ТЖД-ның жедел тобы мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары өзен арнасын үздіксіз бақылап жатыр.

2026 жылғы 1 шілдеде Алматы қаласы ТЖД мен "Қазселденқорғау" ММ жедел тобының құрамында Ақсай өзенінде, ағыс бойымен шамамен бір шақырым жоғары орналасқан аумақта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен мониторинг жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта өзен арнасы тұрақты бақылауда. Ешқандай қауіп жоқ. Ақсай бөгетінде, Алматы қаласы ТЖД-да және тұрғын үй секторында жедел штабтар жұмысын жалғастырып жатыр, – деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Дамир Ермағамбетов.

Ведомствоның мәліметінше, мамандар жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ.

Еске салайық, бүгін Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын. 

Артынша Алматы қаласының тұрғыны Елизавета Ларченко BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сел қаупіне байланысты өз ауданындағы қазіргі ахуал туралы айтып берді.