13 Қазан 2026, 16:01 Фото: KTK/видеодан алынған кадр

Ақмолада дәрігер куәгер ретінде жауап бергеннен кейін суицид жасады

38 жастағы терапевттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Ақмола облысының Есіл ауданында 38 жастағы әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Аудандық ауруханада терапевт болып жұмыс істеген әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

BAQ.KZ редакциясына берген ресми жауапта полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Алдын ала Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсағаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұған дейін тараған ақпаратқа сәйкес, марқұм аудандық ауруханада терапевт болып жұмыс істеген. Қайтыс боларынан аз уақыт бұрын ол Көкшетау қаласына барып, қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап бергені хабарланған. Сондай-ақ тергеу әрекеттері кезінде дәрігердің ұялы телефоны тәркіленгені айтылған.

Осыдан кейін әйел үйіне оралғанымен, жұмысқа шықпаған. Әріптестері мен туыстары оны іздестіріп, кейін мәйіті өз үйінен табылғаны туралы мәлімет тарады.

Марқұмның үйінен анасына арналған қоштасу хаты табылғаны хабарланды. Онда әйелдің «Сені сағынамын» («Буду скучать») деген сөздер жазғаны айтылған. 

Алайда хаттың мазмұны, дәрігердің өлімі мен оның тергеу әрекеттеріне қатысуы арасында байланыс бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталуға тиіс.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз: