Бүгiн 2026, 13:10 Фото: ашық дереккөз

"Алтыншы күн комада жатыр": Алматыда Баум тоғайында 19 жасар қыздың үстіне ағаш құлап кеткен

Селин қазіргі уақытта ауыр жағдайда комада жатыр.

Алматыдағы Бауым тоғайында үстіне алып қураған ағаш құлаған 19 жастағы Селин Абитова алтыншы күн қатарынан комада жатыр. BAQ.KZ тілшісі Селиннің әпкесі Ясминмен байланысып, мән-жайды анықтады.

Оқиға қалай болды?

Селиннің әпкесі Ясминнің айтуынша, қайғылы оқиға 27 маусым күні шамамен сағат 15:00-де болған.

Отбасымызбен бірге серуендеп жүрген кезде анамыздың және сіңлілеріміздің көз алдында Селиннің үстіне алып қураған ағаш құлады. Ешкім мұндай болады деп күткен жоқ. Себебі сол сәтте қатты жел де, жаңбыр да болған жоқ, – дейді Ясмин.

Ясмин сіңлісі аса ауыр жарақат алғанын айтады.

Алтыншы күн қатарынан комада жатыр. Бас сүйегі жаншылып сынған, жамбас сүйегі сынған, аяғы ашық сынық алған және басқа да көптеген ауыр жарақаттары бар. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, ауыр бас-ми жарақатына байланысты ми ісінуінің қаупі әлі де жоғары, – дейді Ясмин.

"Тоғайда әлі де қауіпті ағаштар көп"

Ясминнің сөзінше, Селиннің үстіне құлаған ағаш толықтай қурап кеткен. Алайда Бауым тоғайында дәл осындай құлау қаупі бар ағаштар әлі де жеткілікті.

Ең қорқыныштысы – адамдар әлі күнге дейін балаларымен, жақындарымен осы жерде серуендеп жүр. Бірақ олардың өміріне қауіп төніп тұрғанын көпшілігі білмейді, – дейді Ясмин.

Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні бірден полицейлер келіп, қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Ал Селиннің үсіте құлаған ағаш сараптамаға жіберілген. 

Әкімдік не дейді?

Алматы әкімдігі бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әкімдік мәліметінше, Бауым тоғайының аумағында келушілерге ағаштардың құлау қаупі бар екенін ескертетін арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылған.

Сондай-ақ 2026 жылы тоғай аумағындағы 2 мың апатты, қураған және ауру ағашты санитарлық мақсатта кесуге рұқсат берілген.

Бүгінгі күнге дейін мердігер ұйым шамамен 1000 ағашты кесіп, аумақтан шығарды. Оның басым бөлігі құлаған, желден сынған және балалар мен спорт алаңдарының маңында орналасқан апатты ағаштар болды, – деп хабарлады әкімдік.

Қалған қураған және апатты ағаштарды кесу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Әкімдік Бауым тоғайы 1877 жылы құрылғанын және ондағы ағаштардың 70 пайыздан астамы биологиялық тұрғыдан қартаю кезеңіне жеткенін атап өтті.

Табиғи қартаю процесіне байланысты сырт көзге сау болып көрінетін ағаштардың өзі кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Осыған байланысты Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы жасыл желектерді тұрақты түрде тексеріп, оның қорытындысына сәйкес келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тоғайды сақтау мақсатында апатты ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізіп келеді, – делінген әкімдік жауабында.

Айта кетейік, Алматыда ағаштардың құлауы өзекті мәселеге айналған. Әкімдік мәліметінше, қалада 84 мыңға жуық қауіпті ағаш бар

Еске салайық, 26 маусымда Жетісу облысындағы Үштөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйдің ауласында ағаш бұтағы құлап, бойжеткен ауруханаға түскен болатын. Сонымен қатар, 30 маусымда Алматыда тұрақта тұрған көліктің үстіне ағаш құлап түскен еді. 

Оқи отырыңыз: 

Көлігіңіздің үстіне ағаш құласа не істеу керек? – Заңгер кеңесі