Көлігіңіздің үстіне ағаш құласа не істеу керек? – Заңгер кеңесі

Алматыда мұндай жағдайлар жиі кездеседі

Бүгiн 2026, 11:12
АВТОР
 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект Бүгiн 2026, 11:12
Бүгiн 2026, 11:12
214
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматыда қатты жел мен боран кезінде көліктердің үстіне ағаш құлап, мүлікке залал келтіретін жағдайлар жиі кездеседі. Одан бөлек, қалада ескірген әрі апатты күйдегі ағаштар әлі де аз емес. BAQ.KZ анықтаған дерек бойынша, Алматыда 84 мыңға жуық қауіпті ағаш бар. Мұндай жағдайда көлік иелері не істеуі керек және келтірілген шығынды кім өтейді? Бұл сұраққа заңгер Айдын Темірғали жауап берді.

Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда ең алдымен 102 нөміріне хабарласып, полиция шақыру қажет. Құқық қорғау органдары келгенге дейін көлікті немесе құлаған ағашты қозғамаған жөн. Сондай-ақ оқиға орнын және көліктің зақымданған тұстарын жан-жақты суретке түсіріп алу керек.

Одан кейін ағашқа қай мекеме жауапты екенін анықтау маңызды. Егер ағаш көпқабатты үйдің ауласында болса, оған пәтер иелерінің бірлестігі немесе мүлік иелерінің бірлестігі жауап береді. Көше бойында немесе жол жиегінде өсіп тұрған ағаштарға әкімдік жауапты. Ал жеке аумақтағы ағаш үшін жер учаскесінің иесі жауапкершілік арқалайды.

Егер жүргізушіде КАСКО сақтандыруы болса, бірден сақтандыру компаниясына хабарласуы қажет. Ал сақтандыру болмаса, келтірілген шығын көлемін анықтау үшін тәуелсіз сараптама жасатқан дұрыс.

Содан кейін жауапты ұйымға сотқа дейінгі талап-арыз жолдау керек. Егер ұйым өтемақы төлеуден бас тартса, сот арқылы шығынды өндіріп алуға болады.

Заңгердің сөзінше, ең бастысы – барлық дәлелді бірден тіркеп, уақыт өткізбей әрекет ету. Оның айтуынша, сақтандыру полисі болмаса да, келтірілген шығынның өтемақысын өндіріп алуға мүмкіндік бар.

Мұндай жағдайдың алдын алуға болады

Айдын Темірғали ағаштың құлағанын күтпей, қауіпті жағдайлар туралы алдын ала хабарлаған дұрыс екенін айтты. Оның сөзінше, "Таза Қазақстан" сервисі арқылы тек апатты жағдайдағы ағаштар туралы ғана емес, жолдағы шұңқырлар, көшедегі жарықтың істемеуі, саябақтар мен аулалардағы қоқыс және кіреберістердің жағдайы жөнінде де өтініш қалдыруға болады.

Өтінімді eGov Mobile қосымшасындағы "Таза Қазақстан" бөлімі, TazaQazaqstan.kz сайты немесе TazaQazBot Telegram-боты арқылы бірнеше минуттың ішінде жіберуге болады. Ол үшін суретке түсіріп, мекенжайды көрсету жеткілікті.

Заңгердің айтуынша, жауапты мекемелер мұндай өтініштерге міндетті түрде әрекет етуі тиіс. Сондықтан бірнеше минут уақыт бөліп, мәселені алдын ала хабарлаған дұрыс. Бұл кейін ұзаққа созылатын сот даулары мен шығыннан сақтайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 84 мыңға жуық қауіпті ағаш бар: Олардың жартысынан көбі аулаларда орналасқан 

Наверх