Алты жұмысшының қазасы: Павлодар облысында үш күдікті ұсталды
Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы «Aqtogai Milk» ЖШС аумағында алты адамның қаза болу ісі бойынша үш күдікті ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, тергеуді ведомствоның Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
«Осы факт бойынша Павлодар облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Қылмыстық іс шеңберінде оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүзеге асырылуда», – деп хабарлады полициядан.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша үш күдікті ұсталды.
«Қазіргі таңда үш күдікті тұлға ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген Павлодар облысы ПД түсініктемесінде.
Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес полиция қылмыстық істің басқа жайын жария етпейді.
Оқиғаның егжей-тегжейі
Қайғылы оқиға 20 шілдеде «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында жабдықтарға техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу кезінде болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қызметкерлер кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жойып жатқан. Оқиға салдарынан алты жұмысшы қаза тапты.
Трагедияның себептерін анықтау үшін мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Мамандар еңбекті қорғау талаптарының сақталуын тексеріп, болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауда.
Оқиға фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Үкіметтің бақылауында.
Кәсіпорын иесі кім?
«AQTOGAI MILK» ЖШС иесі – Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев.
Ол 1964 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Мамандығы – инженер-құрылысшы. 1995 жылы «Стальмонтаж» құрылыс-монтаж фирмасын құрған.
Александр Терентьев Павлодар облыстық мәслихатының IV, V, VI және VII шақырылымдарының депутаты болып сайланған, сондай-ақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияны басқарған. «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында кәріз құдығында 6 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түскені хабарланды.
Содан кейін әкім қаза болғандардың отбасыларымен кездесті.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жезқазғанда кәріз құдығын тазалау кезінде жұмысшы қаза тапты
Семейде құрылыс алаңында жұмысшы қолынан айырылды
Ақмолада кәріз құдығында екі жұмысшы уланып, ауруханаға түсті