Бүгiн 2026, 17:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматылық сот орындаушы жалған құжатпен бюджеттен 4,2 млн теңге алған

Алматыда сот орындаушысы бюджеттен 4,2 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Алматы қаласында жеке сот орындаушысы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.

Қала прокуратурасы жеке сот орындаушыларының қызметіне жүргізілген тексеру барысында бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

Анықталғандай, жеке сот орындаушысы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 2024 жыл ішінде алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізулер шеңберінде өз қызметіне ақы ретінде бюджеттен заңсыз түрде 4,2 млн теңге алған.

Бір атқарушылық іс жүргізу бойынша төлем жылына бір реттен артық төленбеуі тиіс деген заң талаптарын бұза отырып, сот орындаушысы Әділет департаментіне 47 атқарушылық іс бойынша 76 рет қайталама есеп жолдап, сол арқылы ақшалай қаражатты заңсыз алған.

Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлға 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, 5 жыл мерзімге тиісті қызметпен айналысу құқығынан айырылды, деп хабарлады Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін мектепте есепші үнемі өзіне екі есе жалақы төлеп, жұмыс істемеген күйеуіне де ақша аударып отырған.

Тағы оқи отырыңыздар:

Алматы метросының 127 миллионы: 10 шенеунік сотталды

Жамбыл облысында полиция тергеушісі пара алды деген күдікке ілікті

Қызылорда облысында 10 жыл бойы жалақыны жымқырғандар жазасыз қалмады