Алматыдағы ҚазҰУ студентінің қазасына байланысты бірқатар басшы қызметінен босатылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қазасына байланысты бірқатар жауапты қызметкер жұмыстан босатылды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Университет басшылығы болған жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, тәрбие жұмысының ақсап, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуіне байланысты Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды.
Сондай-ақ оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Университет өкілдері марқұмның отбасына көңіл айтып, жақындарының қайғысына ортақ екенін жеткізді. Оқу орны отбасыға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазір университеттің барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтілген. Сонымен қатар студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар қолға алынған.
Университет болған оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсететінін мәлімдеді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жарияланбайды. Алайда университет қоғам мен марқұмның жақындарын тергеу барысындағы жаңалықтардан хабардар етіп отыруға уәде берді.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-да тағы да қайғылы жағдай болды. Оқу орнының бірінші курс студенті қаза тапты.
Оқиғаға байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, 8 қарашада бұған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі университеттің География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғанын растаған еді.