19 Тамыз 2026, 11:42 Фото: Алматы ӨКҚ

Алматыда жатақханадан орын ала алмаған студент қайда жүгінуі керек?

Студенттер құқықтары мен мәселелерін қорғауға көмектесетін студенттік омбудсмендер институты да жұмыс істейді.

Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек жатақханадан орын ала алмаған студенттерге қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Алматыда студенттердің мәселелерін шешуге көмектесетін қалалық ситуациялық орталық жұмыс істейді. Орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында орналасқан.

Студенттер Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан қалалық ситуациялық орталыққа жүгіне алады. Сондай-ақ +7 700 950 95 28 нөмірі арқылы колл-орталыққа хабарласуға болады. Мамандар өтінішті қабылдап, мәселені шешуге көмектеседі, – деді Азиз Қажденбек.

Басқарма басшысы әр жоғары оқу орнында да өздерінің ситуациялық орталықтары бар екенін атап өтті. Егер студент жатақханаға өтініш бергенімен, қандай да бір себептермен орын ала алмаса, университеттегі жауапты орталыққа жүгінуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар студенттер құқықтары мен мәселелерін қорғауға көмектесетін студенттік омбудсмендер институты жұмыс істейді.

Студенттер республикалық омбудсмен Айболатқа да жүгіне алады. Ол студенттерге қатысты мәселелерді көтеріп, тиісті органдармен жұмыс жүргізеді, – деді басқарма басшысы.

Республикалық студенттік омбудсменнің байланыс нөмірі: +7 777 761 81 33.

Қала әкімдігі студенттерге жатақхана мәселесі немесе оқу үдерісіне қатысты өзге де сұрақтар туындаған жағдайда аталған байланыс арналары арқылы көмек сұрауға кеңес береді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда баспана жалдау ақысы 14%-ға қымбаттады: Бағаны студенттер өсіріп жатыр ма? 

Астанада студенттер пәтерді қаншаға жалдап жүр? Баспана іздегенде нені ескеру керек