Қазақстанда баспана жалдау ақысы 14%-ға қымбаттады: Бағаны студенттер өсіріп жатыр ма?

Қазақстанда баспана жалдау ақысы бір жылда 14,2%-ға өсті. Студенттер сұранысты күшейткенімен, бағаның қымбаттауына басқа да факторлар әсер етіп отыр.

19 Тамыз 2026, 11:09
АВТОР
 freepik.com 19 Тамыз 2026, 11:09
19 Тамыз 2026, 11:09
154
Фото: freepik.com

Қазақстанда тұрғын үйді жалдау ақысы бір жылда 14,2%-ға қымбаттаған. Дәстүрлі түрде қыркүйек айында студенттердің қалаға көптеп келуі жалға берілетін баспанаға сұранысты арттыратыны рас. Алайда статистика бағаның өсуі жаңа оқу жылы басталмай тұрып-ақ басталғанын көрсетеді. Яғни бұл – тек маусымдық емес, жүйелі сипатқа ие үрдіс.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында Қазақстанда абаттандырылған тұрғын үйді жалдау құнының орташа бағасы 1 шаршы метріне 5,1 мың теңгені құрады.

Мәселен, ауданы 35 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерді жалдау орта есеппен 180 мың теңгеге түскен. Тұрғын үйді жалға алу ең қымбат қалалар – Алматы мен Астана.

Алматыда бір шаршы метрдің жалдау ақысы шамамен 6 мың теңге болса, шағын бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 209 мың теңгеге жуықтаған. Астанада осындай пәтерді жалдау құны шамамен 203 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар жалдау ақысының жылдық ең жоғары өсімі мегаполистерде тіркелмеген. Мәселен, Павлодарда баға 39,2%-ға, ал Петропавлда 32,8%-ға өскен. Алматыда жалдау ақысы бір жылда 15%-ға, Астанада 15,5%-ға қымбаттаған.

Бұл ретте студенттер жалға берілетін баспанаға сұранысты айтарлықтай арттыратын негізгі топтардың бірі саналады. Өткен оқу жылының басында Қазақстанда 364,5 мың басқа өңірден келген студент болған. Оның 130,9 мыңы Алматыда білім алған.

Алайда студенттердің барлығын жатақханамен қамту мүмкін болмай отыр. Жатақханаға қажеттілік білдірген 115,6 мың студенттің 20,4 мыңы орын ала алмаған.

Бұл мәселе Алматыда ерекше байқалады. Қалада 100 мыңнан астам басқа өңірден келген студент баспана мәселесін өз бетінше шешуге мәжбүр болған.

Соңғы жылдары басқа өңірлерден келіп білім алатын студенттердің саны 74%-ға өскен. Атап айтқанда, олардың саны 209,5 мыңнан 364,5 мың адамға дейін артқан.

Сондықтан студенттердің сұранысы күз мезгілінде жалға берілетін баспана нарығындағы қысымды күшейтуі мүмкін. Дегенмен тұрғын үй бағасының жалпы өсуін тек студенттердің көптеп келуімен түсіндіру қиын. Себебі жалдау ақысы жыл бойы біртіндеп қымбаттап келеді.

Сонымен қатар соңғы жылдары жатақхана тапшылығын азайту бойынша жұмыстар жүргізілген. 2018-2025 жылдары Қазақстанда 72 мыңнан астам орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілген. Алайда студенттер санының жыл санап өсуі қолжетімді баспанаға деген тапшылықты әлі де сақтап отыр.

Тағы оқи отырыңыз: Астанада студенттер пәтерді қаншаға жалдап жүр? Баспана іздегенде нені ескеру керек 

Наверх