Астанада пәтер жалдау студенттер мен жас мамандар үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Бағаның өсуі жастарды бірнеше адам болып тұруға немесе қала орталығынан алыстау аудандардан баспана іздеуге мәжбүрлейді. Пәтерді қайдан іздеген дұрыс және жалға алғанда нені ескеру керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын BAQ.KZ тілшісі сарапшыдан сұрап білді.
Тамызда жалдау ақысы қымбаттайды
Ranking.kz мәліметінше, 2026 жылғы маусымда Қазақстанда абаттандырылған тұрғын үйді жалдау ақысы бір жылда 13,9%-ға өскен. Ал Астанадағы өсім 13,7%-ды құрады. Қаңтар-наурыз айларында тұрғын үйді жалға беру және пайдалану саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 333,9 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 12,7%-ға артқан.
Риелтор Ләззат Жұмағалиеваның айтуынша, баспана сатып алуға мүмкіндігі жоқ жастар пәтерді бірнеше адам болып бірігіп жалдап тұрады.
Қазір пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ жастардың көбі пәтерді бірнеше адам болып бірігіп жалдап тұрады. Бірақ студенттерге пәтерін жалға беретін адамдар саны аз. Себебі студенттер кейде бір-екі адам болып пәтер жалдап, кейін 4-5 адам болып тұратын жағдайлар кездеседі. Сондықтан кейбір пәтер иелері студенттерге үйін жалға бермеуге тырысады, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазір Астанада Сарайшық ауданына сұраныс жоғары. Оның бағасы Есіл және Нұра аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді.
Студенттерге Сарайшық ауданынан пәтер жалға алуды ұсынамын. Бұл ауданда баға салыстырмалы түрде қолжетімді. Сондықтан бастапқы кезеңде осы ауданды таңдаған дұрыс, – дейді Ләззат Жұмағалиева.
Риелтордың айтуынша, пәтер бағасы әсіресе тамыз айында өседі. Ал мамыр-маусым айларында бағасы төмен баспана табуға болады.
Мысалы, Ұлы Дала көшесінің Мәңгілік Ел даңғылымен қиылысатын маңында бір бөлмелі пәтер мамыр айында шамамен 160 мың теңге болса, қазір 200 мың теңгеге дейін жетті, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, қазіргі таңда пәтерді жалдау ақысының ең төменгі сомасы шамамен 120-130 мың теңгеден басталады. Ал сол жағалаудың орталығында баға 250-350 мың теңгеге дейін барады. Бұл – бір бөлмелі пәтерлердің бағасы.
Жастар қайдан пәтер іздейді?
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Аяулым Аманқосова пәтерді көбіне Krisha.kz пен Telegram арқылы іздейтінін айтты. Ол соңғы баспанасын төрт күн бойы іздеген.
Ол үшін пәтер таңдағанда орналасқан жері, қауіпсіздігі және бағасы маңызды. Аяулым бұған дейін риелтор қызметін де пайдаланған. Маманның қызметі үшін студент 100 мың теңге төлеген. Сөйтіп, риелтор арқылы Аяулым ай сайынғы ақысы 210 мың теңге болатын пәтер тапқан.
Ал жас маман Гүлханым Талғатқызы пәтерді бір-екі апта іздеп, қыздармен бірлесе жалдап тұратын баспана тапқан. Қазір ай сайын шамамен 100 мың теңге төлейді, ал коммуналдық төлем бөлек есептеледі.
Ол жалдау ақысын бірлесіп төлеу арқылы қаржылық шығынын азайта алатынын айтады.
Пәтер таңдағанда бірінші кезекте бағасына қараймын. Жұмысқа жақындығы мен көлік қатынасы да маңызды. Арзан әрі жұмысқа қатынауға ыңғайлы пәтерді қатар табу қиын, – дейді ол.
Алаяқтардан қалай сақтану керек?
Риелтор жастарға пәтерді көрмей тұрып ақша аудармауға кеңес береді. Үй иесінің құжаттарын тексеріп, келісімшарт жасаған дұрыс.
Гүлханым да пәтер іздеу кезінде нарықтағы бағадан тым арзан баспана ұсынып, алдын ала ақша сұраған күмәнді хабарландыруларға кезіккенін айтты.
Пәтерді өз көздеріңізбен көрмейінше және келісімшартқа қол қоймайынша, ақша төлемеңіздер. Егер риелтор арқылы жалдасаңыздар, оның үй иесінен берілген сенімхаты болуы керек, – дейді Ләззат Жұмағалиева.
Астанада пәтер жалдайтын жастар үшін негізгі мәселе – баға мен орналасқан жердің арасындағы тепе-теңдікті табу. Қала орталығындағы баспана қымбат болғандықтан, студенттер мен жас мамандар бірнеше адам болып тұруды немесе алыстау аудандардан үй жалдауды таңдайды. Ал пәтерді маусымдық сұраныс артпай тұрып іздеу, құжаттарды тексеру және келісімшарт жасау қосымша шығын мен алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда пәтер жалдау тағы қымбаттағанын, баға қай өңірлерде өскені хабарланды.
Нұрай Зинелова