Алматыда ауа райы күрт бұзылады: Әкімдік тұрғындарға ескерту жасады
Алматыда 10 қараша кешінен бастап бірнеше күн бойы жауын-шашын жауады. Қаланың кей аудандарында нөсер жаңбыр күтілсе, таулы аймақтарда жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін. Осыған байланысты қала әкімдігі тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазгидромет» РМК болжамынша, жауын-шашын 10 қараша кешінен басталып, 12 қарашаға қараған түнге дейін жалғасады.
Синоптиктердің мәліметінше, жауын-шашынның ең көп мөлшері 11 қарашаға қараған түні түседі. Қала аумағында 20 миллиметрге дейін, ал таулы аймақтарда 30 миллиметрге дейін жаңбыр жаууы мүмкін. Күндіз тағы 5-7 миллиметр жауын-шашын күтіледі.
Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал. Ал 12 қарашаға қараған түні жаңбыр мен қар жауып, тұман түсуі мүмкін.
Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Алдағы қолайсыз ауа райына байланысты Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Қалада су басу қаупінің алдын алу және ықтимал жағдайларды жедел жою үшін 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілік етеді. Сондай-ақ 415 арнайы техника, 97 мотопомпа және 2 950 құм салынған қап дайындалған.
Бұдан бөлек, күнделікті тазалық жұмыстарына 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылады.
Әкімдік тұрғындарға қандай ескерту жасады?
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды қолайсыз ауа райы кезінде сақ болуға шақырды.
Жүргізушілерге:
- көлік жылдамдығын төмендету;
- арақашықтықты сақтау;
- су жиналуы мүмкін жерлерге көлікті қалдырмау ұсынылады.
Сондай-ақ мүмкіндік болса, таулы аймақтарға барудан уақытша бас тартқан жөн.
Қатты жел кезінде ағаштардың астында, жарнамалық құрылымдар мен электр желілерінің маңында тұрмау қажет.
Еске салайық, 2026 жылғы 10-12 қарашада республиканың басым бөлігінде қар аралас жаңбыр мен көктайғақ болып, ауа райы тұрақсыз болатыны болжанған еді.
Сондай-ақ, синоптиктер 17 облыста дауылды ескерту жариялап, тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді.