7 Қыркүйек 2026, 10:05 Фото: видео кадры

Алматыда адамдар тұрып жатқан екі қабатты ғимарат өртке оранды

Алматыда Ұлжан-1 шағынауданында орналасқан екі қабатты ғимарат өртке оранды. Желіде жантүршігерлік видео тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

ТЖМ мәліметінше, «112» пультіне Алматы қаласының Алатау ауданындағы Ұлжан-1 шағынауданында, Балқұдық көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шақырту нөмірі жоғары тәртіппен ТЖМ күштері жіберілді.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде екі қабатты ғимараттың шатыры жанғаны анықталды.

Іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында оқиға орнында өрт сөндірудің жедел штабы құрылған. Құтқарушылар судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп, өртті сөндіру жұмыстарына кірісті.

ТЖМ бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Жезқазған қаласындағы Алашахана көшесінде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеден өрт шыққан еді.

Сондай-ақ, Семей қаласындағы Құтжанов көшесінде орналасқан онкологиялық орталықтан және Тараз қаласында пескоблок өндіретін цехтан шыққан өртті Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндірушілері жедел түрде ауыздықтады.