28 Шілде 2026, 10:26 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматы облысындағы орман өрттерінің 90%-ы адам кінәсінен болады

Мамандар Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Алматы облысында өрт қаупі ең жоғары кезең басталды. Алда жаздың соңғы айы мен күз мезгілі тұрғандықтан, көпжылдық статистикаға сәйкес табиғи өрттердің қаупі бірнеше есе артады. Бұл туралы «Қазавиаорманқорғау» РМК Алматы авиациялық бөлімшесінің басшысы Бекзат Байшалов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, осы уақытта өсімдіктер қурап, шөп сарғайып, ағаштар жапырағын түсіре бастайды. Ауа температурасының жоғары болуы мен желдің күшеюі табиғи ортаны тез тұтанатын жанғыш материалға айналдырады.

Ең алаңдатарлығы – Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелетін табиғи өрттердің 90 пайызы адамның салғырттығынан болады.

Бұл – көбіне қарапайым немқұрайлылықтың салдары. Демалыстан кейін толық сөндірілмеген от, жерге тасталған темекі тұқылы, сіріңке секілді әрекеттер ірі өртке себеп болады, – деді Бекзат Байшалов.

Осыған байланысты «Қазавиаорманқорғау», Алматы авиациялық бөлімшесі және төтенше жағдайлар қызметтері орман алқаптарына үздіксіз әуе мониторингі мен патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мамандар Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Өйткені табиғи өрттердің басым бөлігінің алдын алуға болады, ал ол үшін әр азаматтың жауапкершілігі маңызды.

Еске салсақ, кеше, яғни 27 шілдеде еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында бес орман өрті тіркелді. Министрлік дерегінше, өрттің екеуі Ақмола облысында, біреуі Шығыс Қазақстан облысында, тағы екеуі Батыс Қазақстан облысында болған.

Сондай-ақ, Ақмола облысының үш ауданында құрғақ шөп өртенді. Жалпы жанған аумақ 38 гектардан асты.