8 Қазан 2026, 12:43 Фото: видеодан скриншот

Алматы облысында жүргізуші көлікті соғып, одан кейін тротуарда жасөспірімдерді қағып кетті

Екі кәмелетке толмаған бала түрлі жарақат алған.

Алматы облысының Көксай ауылында көлік тротуарға шығып кетіп, екі жасөспірім зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жол-көлік оқиғасы түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жол бойында автокөлік басқа көлікпен соқтығысып, соның салдарынан тротуарда тұрған жасөспірімдерді қағып кеткен. Нәтижесінде екі кәмелетке толмаған бала түрлі жарақат алған. Тротуарға шығып кеткеннен кейін жүргізуші көлікті қайта бұрып, тағы да басқа автокөлікті соққан.

Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына жауап жолдады. Құқық қорғаушылар осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Тергеу аясында қажетті бастапқы іс жүргізу шаралары жүргізілді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Болған оқиғаның мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылдануда», – деді полиция өкілдері. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында балаларды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші ұсталды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды

Астанада бес көлік өртенген оқиға: Бір адам жансақтау бөлімінде жатыр

Шахтинскіде 19 жастағы бойжеткенді автобус қағып кетті