9 Қазан 2026, 15:39 Фото: әлеуметтік желіден

Алматы маңында иттерге арналған панажай иесін өлтіріп кеткен

Владимир Тепляковтың қазасынан кейін «Твардовский дом» панасында 90 ит қалды. Полиция қылмысқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.

Алматы облысында «Dog House – Твардовский дом» жануарлар панасының негізін қалаушы Владимир Тепляковтың өлтірілгені расталды. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 7 қазанда ер адамның өлтірілуіне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі уақытта іске қатысы бар адамдарды ұстауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу жалғасып жатыр, – деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомство қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде Владимир Тепляковтың қазасы туралы ақпарат тарағаннан кейін оның оққа ұшқаны жөнінде де мәліметтер жарияланды. Алайда полиция ресми жауабында жарақаттардың сипатына қатысты ақпаратты нақтылаған жоқ.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Панасыз қалған 90-ға жуық итке көмек қажет

Владимир Тепляковтың қазасынан кейін «Твардовский дом» панасында 90-ға жуық ит қалған. Әлеуметтік желілерде жануарларды қорғаушылар олардың әрқайсысына жаңа иелер табуға көмектесіп жатқаны туралы ақпарат жариялады.

Зооқорғаушылардың жазуынша, Тепляков күн сайын панасына келіп, иттерді тамақтандырып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, олардың денсаулығына қамқорлық жасаған. Оның қазасы жануарларға қамқорлық көрсетіп жүрген жандар үшін ауыр қайғыға айналды.

Қазір құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда. 

Тағы оқи отырыңыз: