Алаяқтарға алданған адам ақшасын сақтап қалу үшін не істеуі керек?
Қазақстанда соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың бірқатар түрі азайғанымен, жалған интернет-дүкендер мен телефон арқылы алдау әрекеттері әлі де жиі кездеседі. Ұлттық антифрод орталығының жұмысы нәтижесінде соңғы бір жарым жылда шамамен 132 млрд теңгенің алаяқтық жолмен иемденілуіне тосқауыл қойылған. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қаржылық алаяқтыққа қарсы бірқатар кешенді шараны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – банктердің өзара іс-қимылын үйлестіретін Ұлттық антифрод орталығы.
Банктердің алаяқтыққа қарсы жүргізген жұмыстарының нәтижесінде шамамен 132 млрд теңгенің алаяқтық жолмен иемденілуіне жол бермедік. Яғни алдын алу шаралары арқылы банк клиенттерінің 132 млрд теңгеге жуық қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік туды, – деді Ерлан Ашықбеков.
Оның мәліметінше, соңғы бір жарым жылда Ұлттық антифрод орталығында алаяқтыққа қатысты 220 мыңнан астам оқиға тіркелген. Орталық арқылы банктер мен Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің жұмысы үйлестіріледі.
Қазір алаяқтардың қандай әдістері жиі кездеседі?
Ерлан Ашықбековтің айтуынша, Бас прокуратураның статистикалық деректеріне сәйкес, 2026 жылы интернет-алаяқтық көрсеткіші шамамен 26 пайызға төмендеген. Бұған құқық қорғау органдары мен банктердің бірлескен жұмысы ықпал еткен.
Дегенмен қазір алаяқтардың бірнеше әдісі кең таралған. Соның бірі – жалған интернет-дүкендер мен сауда ұсыныстары арқылы ақша бопсалау. Мысалы, азамат интернет арқылы белгілі бір тауарға немесе қызметке тапсырыс бергенде, алаяқтар өздерін сатушы ретінде таныстырып, тауарды жеткізбей тұрып алдын ала төлем талап етеді.
Мұндай жағдайда әрдайым ірі сомадағы ақша жоғалмайды. Алайда маркетплейстер мен интернет-дүкендер арқылы сауда жасау кезінде осы әдісті қолданатын алаяқтар көбейіп отыр.
Тағы бір кең тараған тәсіл – телефон арқылы қоңырау шалу және әлеуметтік инженерия әдісі. Алаяқтар азаматтарға хабарласып, түрлі жалған ақпарат айтып, оларды ақша аударуға көндіреді.
Әсіресе егде жастағы адамдар мен зейнеткерлер мұндай әрекеттерге жиі алданып қалады. Олар күтпеген жерден түскен қоңырауға сеніп, ақшасын аударып жібергеннен кейін ғана алаяқтарға тап болғанын түсінеді. Алайда бұл кезде кеш болуы мүмкін.
Алаяқтарға алданып қалсаңыз, не істеу керек?
Ұлттық банк өкілі алаяқтық фактісі анықталған жағдайда уақыт жоғалтпай, дереу өз банкіне хабарласу қажеттігін ескертті.
Оның айтуынша, егер азаматтың ақшасы басқа банкке аударылып кетсе, жедел хабарлау арқылы күмәнді операцияны тоқтатуға немесе қаражатты бұғаттауға мүмкіндік бар.
Ең маңыздысы – алаяқтық фактісі орын алған жағдайда бірден өзіңіз қызмет көрсететін банкке хабарлау. Егер ақша басқа банкке аударылып кетсе, жедел әрекет ету арқылы сол қаражаттың қозғалысын тоқтатуға мүмкіндік болады. Ақпарат банкке немесе құқық қорғау органдарына түскеннен кейін ол Ұлттық антифрод орталығына жеткізіледі. Одан әрі бүкіл банк жүйесі жұмылып, күмәнді операцияларды тоқтату, қаражатты бұғаттау және аударымдарға шектеу қою бойынша жұмыс істейді, – деді департамент директоры.
Сонымен қатар Ұлттық антифрод орталығы азаматтарға арналған жаңа AntiFraud KZ сервисін іске қосқан болатын.Бұл сервис арқылы алаяқтыққа тап болған немесе банк шоты күмәнді операцияларға байланысты бұғатталған азаматтар өздеріне қатысты жағдайдың мән-жайын біле алады.
Атап айтқанда, пайдаланушылар:
-
өзіне қатысты алаяқтық дерегі бойынша қандай ішкі істер органы жұмыс істеп жатқанын;
-
істің тергелу барысы мен нәтижесін;
-
осы жағдайға байланысты қай банктерде және қанша қаражат бұғатталғанын біле алады.
Сервиске азаматтар жеке кабинеті арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен кіріп, өзіне қатысты ақпаратты тексере алады.
Ұлттық банк өкілі азаматтарды күмәнді қоңыраулар мен интернеттегі сауда ұсыныстарына сақ болуға, ал алаяқтық фактісі анықталған жағдайда банкке дереу хабарлауға шақырды.
Еске салсақ, Қазақстанда жаңа тетік іске қосылып, алаяқтар енді сіздің атыңызға шот аша алмайтыны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Теңгенің болашағы қандай? Ұлттық банк өкілі маңызды бағыттарды түсіндірді
«Халықтық құрылыс» бағдарламасында цифрлық теңге қолданылады