Алакөлдің ет өңдеу зауытының өнімдері нарыққа шығарылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алакөл ауданына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Марат Бопазовты бірнеше нысанға бастап барды. Депутаттар "Zhersu" инвестициялық-өндірістік корпорациясының аграрлық объектілерінің жұмыс жағдайымен танысты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Zhersu" инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов алдымен Арқарлы ауылдық округі аумағындағы "Алакөл Асыл жылқысы" ЖШС-ның жылқы фермасын көрсетті. Оның айтуынша, өткен жылдың қарашасында іске қосылған жылқы тұқымын асылдандыру мақсатындағы бұл шаруашылыққа 1 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Жобаның қазіргі бірінші кезеңінде мұнда 10 мың бас жылқы әкелініп, бағылып отыр. Олар негізінен Ресейден және еліміздің Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан әкелінген.
Ал жобаның екінші кезеңінде асыл тұқымды жылқының санын 20 мың басқа жеткізу жоспарланып отыр. Олардың барлығы да негізінен ет пен сүт бағытын өркендетуге бағытталмақ. Фермадағы мал бағу JPS-тің көмегімен әлдеқайда жеңілдетілген. Қазіргі кезде мұнда түйе өсіру де қолға алынған.
Бүгінгі күні мұнда 56 адам жұмыс істейді. Жұмысшыларға жағдай жасалған. Олар үшін жатақхана салынып, арнайы тұрғын үйлер де пайдалануға берілген. Тіпті кинотеатр мен кітапхана да жұмыс істеп тұр.
Мұнан соң ресми қонақтар корпорацияның Бұдыр ауылында орналасқан "Қайыңды" ЖШС-ның мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу зауытына барып, цехтарын аралап көрді.
Серіктестіктің үйестірушісі Асқар Мұқашевтің айтуына қарағанда, мұндағы мал бордақылау алаңы 5 мың бас ірі қара семіртуге арналған. Қазір Герефорд және Ангус тұқымды 4500 бас бар, іске қосылғалы 500 бас ірі қара сойылған. Зауыттың мал сою цехында бір күнде 60 басқа дейін мал сойылады. Ал шұжық цехында тәулігіне 6 тоннаға дейін дайын өнім өндіріледі. Сонымен қатар дайын өнімді алғашқыда Қытай мен Ресейге экспорттау межеленіп отыр. Жалпы ет өңдеу зауыты ет өнімдерін өңдеу мен экспорттауға бағытталған.
Облыс әкімі Амандық Баталов мал шаруашылығының осындай іргелі нысандарының өңірдің ет өндірісін, экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуға зор ықпал ететінін айтты.
Осындай айтулы жобаларды ғылыми-әдістемелік орталық ретінде көрсетуге болады. "Мың рет естігеннен бір рет көрген артық", деген. Бүгінгі аралаған нысандар аграрлық салада тәжірибе алмасу, үйрену алаңы болуға әбден лайық. Біз ірі бизнесмендердің көмегімен осындай өте пайдалы, заман талабына сай жобаларды жүзеге асыру арқылы облысқа инвестиция тарту жұмыстарын одан әрі де жалғастырамыз, - деді А. Баталов.
Депутаттар да өз кезегінде мұндай нысандардың мал шаруашылығын өркендетудегі үлесіне оң баға берді.