Абай облысындағы өрт: Жүзден аса әскери қызметші жұмылдырылды
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ресейдің Алтай өлкесінде қураған шөптің тұтануынан басталған өрт Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватына тараған. Өрттің жалпы ауданы 1500 га құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың нұсқауы бойынша өртке қарсы шараларды орындауға арнайы дайындығы бар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының келісімшарт бойынша жүзден аса офицері мен әскери қызметшісі жұмылды. Сонымен қоса 29 бірлік әскери автокөлік және инженерлік техника (әмбебап жол машиналары және басқа да өрт сөндіретін құралдар) тартылды. Ауданды барлау, сондай-ақ өртті тікелей сөндіру арнайы аспамен 3,5 тонна су таситын «Бэмби» құрылғысымен жабдықталған Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшағы арқылы жүзеге асырылуда, - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.
Жеке құрам орман өртінің екі ошағын сөндірумен айналысуда.
Біріншісінде, локализацияланған учаскеде жұмыс жүргізілуде, екіншісінде, қашықтағы жерде қорғаныс желісі құрылуда.
Әскери қызметшілер арнайы техникамен ағаштарды құлатып, үйінділер салу үстінде.
Өрт сөндіру жұмыстары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тылдық қамтамасыз ету басқармасы штабының бастығы полковник Ержан Есенбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатыр.
Қарулы күштердің бөлімшелері жедел штабпен ұдайы байланыста.
Айта кетейік, 22 мамырда Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөптің жануы салдарынан "Семей орманы" МОТР аумағында орман өртенді. Облыстағы өрт шамамен 1500 гектар жерді шарпыды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданындағы орман алқабының аумағын тікұшақпен ұшып өтті. Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысы Бородулиха ауданында табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізіп, елді мекендерге төнген қауіп жойылғанын мәлім етті. Бұдан бөлек өртті сөндіруге елордалық құтқарушылар көмекке аттанды. Сондай-ақ Абай облысындағы өртке байланысты Бородулиха орталығында 3 эвакуациялық пункт ашылғаны белгілі болды.