4,8 млрд теңге "жоғалтқан" энергетика: Саланы тұралатып тұрған қандай мәселе?
Тариф пен салық саясатының үйлеспеуі энергетика компанияларын миллиардтаған теңге шығынға батырды. Сарапшылар бұл жағдай инвестиция мен жаңғыртуға кері әсер етіп отырғанын айтады.
Тариф саясатының тұрақсыздығы, кадр тапшылығы және инвестицияның жеткіліксіздігі Қазақстан энергетикасының дамуын тежеп отырған негізгі факторлардың біріне айналды. Сала өкілдері қазіргі үрдіс жалғаса берсе, инфрақұрылымды жаңғырту мен энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету барған сайын күрделене түсетінін айтады. Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов саладағы өзекті түйткілдер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.
– Талғат Кеңесұлы, бүгінде энергетика саласындағы негізгі мәселе не?
– Басты мәселе – саланың болжамдылығы. Энергетика – инвестициялық циклі ұзақ, капиталды көп қажет ететін сала. Бірақ қазіргі тариф саясаты болашақтағы жағдайларға нақты түсінік бермейді. Тұрақтылық құралы ретінде енгізілген жеті жылдық тарифтердің өзі бүгінде бұл міндетті толық атқарып отырған жоқ.
– Тариф өсіміне қойылған мораторий салаға қаншалықты әсер етті?
– Мораторий саладағы теңгерімсіздіктің жиналуына едәуір әсер етті. Әлеуметтік тұрғыдан тарифті ұстап тұру түсінікті. Бірақ энергетика сияқты реттелетін әрі капиталды көп қажет ететін сектор үшін тарифтердің ұзақ уақыт өзгеріссіз қалуы бүкіл өндірістік тізбекке әсер етеді.
Тариф инфляциядан төмен бола алмайды, өйткені шығын көлемі үнемі өсіп отырады. Ал тарифті 2025 жылғы деңгейде сақтау инфляциялық қысым жағдайында түрлі салдарға әкеледі. Қазіргі тариф түзетулері көбіне кешігіп қабылданады әрі жиналған инфляцияны толық өтемейді.
Соның салдарынан компаниялар қаржыландыру тапшылығы жағдайында жұмыс істеп отыр. Бұл инфрақұрылымды ұстап тұруға, жөндеу жүргізуге және энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге әсер етеді. Бұған қоса, тарифтердің қашан және қалай қайта қаралатынына қатысты белгісіздік жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Көптеген кәсіпорын тарифтердің экономикалық тұрғыдан негізделген деңгейге жетуін әлі күтіп отыр. Сондықтан сала үшін ең маңыздысы – болжамды әрі теңгерімді тариф саясаты. Жеті жыл бойы 2025 жылғы тарифпен жұмыс істеу мүмкін емес.
– Сіздер айқаспалы субсидиялау мәселесін де көтеріп жүрсіздер. Бұл жүйе неліктен тиімсіз болып отыр?
– Қазіргі тариф саясаты бойынша халық үшін тарифтердің төмен деңгейі бизнес пен бюджеттік ұйымдардың есебінен сақталып отыр. Соның салдарынан негізгі салмақ соларға түседі. Мұнда бір жайтты түсіну керек: Қазақстанда үй шаруашылықтарының коммуналдық төлемдерге жұмсайтын шығыны орта есеппен 6%-ды құрайды. Ал әлемдік көрсеткіш 10%-ға дейін жетеді. Сонымен қатар нақты атаулы әлеуметтік көмекке әр тоғызыншы отбасы ғана мұқтаж.
Бұл қазіргі жүйенің тиімсіз екенін және саланың экономикасын бұрмалап отырғанын көрсетеді. Дұрысы – айқаспалы субсидиялаудан кезең-кезеңімен бас тартып, атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне көшу.
– Корпоративтік табыс салығына қатысты қандай мәселе бар?
– Мәселе мынада: табиғи монополия субъектілері корпоративтік табыс салығын төлеуге міндетті. Бірақ тариф сметасында оған арналған қаржы қарастырылмаған. Соның салдарынан компаниялар бұл шығынды өз ішінен жабуға мәжбүр болады. Көп жағдайда бұл инвестициялық бағдарламалар мен басқа да маңызды шығындардың қысқаруына алып келеді.
Мысалы, бір ғана компания бойынша бірнеше жылда есепке алынбаған корпоративтік табыс салығы 4,8 млрд теңгені құраған. Бұл қаражат жаңғырту мен сенімділікті арттыруға жұмсалмай қалған. Сондықтан салық және тариф саясатын өзара үйлестіру қажет.
– Жағдайды тұрақтандыру және инвестиция тарту үшін қандай шешімдер қажет?
– Біріншіден, тарифтерді қолдану мерзімі ішінде міндетті индексацияны заң жүзінде бекіту қажет. Бұл сала мен инвесторлар үшін тұрақтылық пен болжамдылық қалыптастырады.
Екіншіден, айқаспалы субсидиялаудан кезең-кезеңімен бас тартып, атаулы әлеуметтік қолдау жүйесіне көшу керек.
Үшіншіден, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде корпоративтік табыс салығын тариф сметасына енгізу мәселесін заңнамалық тұрғыда қайта қарау қажет.
Сондай-ақ жүйе құраушы энергетикалық жобалар үшін «жасыл дәліз» енгізу ұсынылды. Яғни, талаптарды төмендетпей, келісу рәсімдерін жеделдету қажет.
– Энергетика саласында жалақыны есептеудің бірыңғай тәсілін енгізу мәселесі де көтеріліп жүр. Бұл кадр саясатына қалай әсер етеді?
– Кадр мәселесі біз үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС және «Орталық – Азиялық Электроэнергетикалық корпорациясы» АҚ («ОАЭК» АҚ) секілді ірі энергетикалық холдингтерде зерттеу жүргізілді. Бұл компанияларда сала мамандарының үштен бірі жұмыс істейді.
Соңғы үш жылда энергетикадағы кадр ауысымы 15%-дан асты. Әр алтыншы қызметкер бірінші жылда-ақ жұмыстан кетеді. Сала мамандарының орташа жасы 50-ге жақындап қалды. Жастар энергетикаға келмейді немесе тез кетіп қалады.
Салалық қауымдастық табиғи монополия субъектілерінің еңбекақы қорын қалыптастыру кезінде нормативтік штат санын есептеу әдістемесін мемлекеттік деңгейде бекітуді ұсынды.
Сонымен қатар, мемлекеттік реттеу жүйесінде қызметкерлерге қатысты шығындардың рұқсат етілген тізімін кеңейту қажет. Оның ішінде сауықтыру төлемдері, оқу демалыстары, біліктілікті арттыру және тұрғын үй қолдауы бар.
Жалпы, бұл шаралардың барлығы бір мақсатқа бағытталған – саланы тұрақты, кәсіби тұрғыдан тартымды, инвестиция үшін қолайлы және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын деңгейге жеткізу.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 7 мың шақырым жаңа электр желісі салынатыны хабарланған еді.
Тағы оқи отырыңыз: Тарифтен инвестицияға дейін: Энергетика саласын жаңғырту жоспары әзірленді