42 500 теңге. 2020 жылы 4,6 млн адамға 476,1 млрд теңге төленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жыл COVID-19 пандемиясына байланысты бүкіл әлем үшін қиын сынақ болды, біздің елімізді де айналып өтпеді. 

Пандемиямен және оның салдарымен күрес Үкіметтен аурудың өсуін тоқтату және халық пен ел экономикасы үшін ауқымды теріс салдарлардың алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауды талап етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді беру тетігі жедел түрде әзірленіп, іске қосылды. Төтенше жағдай және карантиндік шектеу іс-шаралары кезеңінде барлығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,1 млрд теңгеге осындай төлемдер алды, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, ТЖ және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды.

Халықты жұмыспен қамту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың жол картасы әзірленіп, табысты іске асырылуда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 1,2 млн жұмыс орнын құру және сақтап қалу және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мүмкін болды. Бұл ретте, қиын жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау қамтамасыз етілді, - деп түсіндірді министр.

Ол атағандай, қосымша қолдау мақсатында зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет индекстелді. Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ды, ынтымақты зейнетақының өсімі 12%-ды құрады.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Бүгінгі таңда 413,4 мың көпбалалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері отбасының табысына емес, балалардың санына байланысты болып келеді. Табысы аз отбасылардың балалары үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. Әлеуметтік көмектің бұл түріне 430 мың балаға алғаш рет 17,5 млрд теңге қарастырылған, - деп айтты Нұрымбетов өз үндеуінде.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төленетін ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2019 жылға қарағанда орта есеппен 50%-ға арттырылды.

2020 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда: мәдениет және өнер саласында 35%-дан 50%-ға дейін, педагогтерге 4 жыл ішінде жыл сайын 25%-ға, әлеуметтік қызметкерлерге 15%-дан 60%-ға дейін арттырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы