27 жылдан кейін ұсталды: Павлодарлық күдікті Мәскеуден табылды
Павлодарда қарақшылық жасады деген күдікті 27 жылдан кейін Мәскеуде ұсталды.
1999 жылдан бері Павлодардағы қарақшылық шабуыл ісі бойынша іздеуде жүрген ер адам Мәскеуде ұсталды. Қазақстандық және ресейлік полицейлердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ол 27 жылдан кейін табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодар облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, ер адам 1999 жылы Павлодарда жасалған қарақшылық шабуылдан кейін құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген.
Оны ұстау үшін Ресейге Павлодар облысы криминалдық полиция басқармасының жедел-іздестіру тобы жіберілді. Мәскеу облысы бойынша Ресей ІІМ қызметкерлерімен бірлесіп, қазақстандық полицейлер іздеуде жүрген азаматтың орналасқан жерін анықтап, оны Мәскеуде қолға түсірді.
Полиция сондай-ақ 2026 жылдың он айындағы қылмыскерлерді іздестіру нәтижелері туралы айтып берді.
«2026 жылдың 10 айында 82 қылмыскер іздеуде болды. Оның 62-сіне биыл аумақтық полиция органдары іздеу жариялаған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жасырынып жүрген 73 қылмыскер табылды», – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Таңжанов.
Бұдан бөлек, Павлодар облысының аумағында шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздеу салған 31 адам табылды. Іздеуде жүрген тағы жеті адам Қазақстаннан тыс жерлерде анықталды.
Ведомство сот төрелігінен жасырынып жүрген тұлғаларды іздестіру жұмыстары ел ішінде де, шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп те жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда интернет-казино құрған екі шетелдікке іздеу жарияланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Павлодарда сабаққа кешіккен оқушының әрекеті қылмыстық іске ұласты
Петропавлда жоғалған оқушы пештің ішінен табылды
Теміртау маңында із-түзсіз жоғалған 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды