2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке қатысты заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның  жобасын таныстырды.

Жыл басынан бері ел экономикасының өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларда 3,5%-ға жетті. Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 98  доллар болды. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының 2022 жылы мұнай бағасы бойынша болжамы 74 АҚШ долларынан 105 АҚШ долларына дейін  қалыптасты. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалды, - деді Ұлттық экономика министрлігінің өкілі.

Сөзінше, S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін төмендетті.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетілді. Құрылыста өсім бұрын мақұлданған деңгейде сақталады – 3,8%, - деп баяндады вице-министр.

Тимур Жақсылықовтың ақпаратына сәйкес, ақпарат пен байланыста ақпараттық қызметтерге сұраныстың төмендеуі салдарынан болжам 8,3%-дан 5%-ға дейін төмендетілді. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд АҚШ долларға дейін өседі. Импорт 40,2 млрд доллар болды. Сондай-ақ инфляция 8-10% аралығында анықталды.

Сонымен қатар түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю мұнайға болжамды бағаның ұлғаюы және АҚШ долларына теңге бағамының өзгеруі аясында баж мөлшерлемесінің артуы есебінен мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы бойынша күтіліп отыр.     

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 трлн 30 млрд теңгеге дейін немесе  1 трлн 630 млрд теңгеге ұлғайтылады.  Қаражат Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталады. 2022 жылы бюджет тапшылығын 2 трлн 978 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде айқындау ұсынылады.  2022 жылы мұнай емес тапшылықтың деңгейі бағалау бойынша жалпы ішкі өнімге қатысты 10,2%-ды құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстарын түзетілген көлемге қатысты 2,7 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылады, - деп түсіндірді Тимур Жақсылықов Мәжілісте.

Оның айтуынша, 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2022 жылға арналған макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамын нақтылау, бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қабылданып жатқан шұғыл және жүйелік сипаттағы құжаттардың негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған.

Заң жобасын талқыға салып болғаннан кейін депутаттар тиісті қаулыны қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы