Қошанов мұғалімдердің жалақысы туралы: Әлеуметтік теңсіздік болмай ма?

20 Сәуір 2022, 12:06
3475
Бөлісу:
Қошанов мұғалімдердің жалақысы туралы: Әлеуметтік теңсіздік болмай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Палата төрағасы Ерлан Қошанов үздік мұғалімдерді өңірлерге тарту бағдарламасының кемшілігін айтып, бірнеше мәселені көтерді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова осы мәселеге қатысты министрге сұрақ қойған болатын.

Аймағамбетов депутат атаған мәселелердің шешімі барын айтып, жауап берген болатын. 

Бұл өзекті сұрақ. Министр Асхат Қанатұлының жауабы қосымша сұрақ туғызады. Неліктен 4 өңір ғана? Жаңа мысал келтірдіңіз. Мұнайлы ауданына сырттан келген ұстаз екі есе жалақы алады. Ал жергілікті ұстаз сырттан келген әріптесінен екі есе төмен алады. Бірақ жүктемелері бірдей. Осы мәселеге қатысты жергілікті ұстаздан наразылық туындамай ма? Бұл әлеуметтік теңсіздікке алып келмей ме? – деп сұрады Мәжіліс төрағасы.

Ол бұл сұрақ алдағы уақытта қоғамда туындауы мүмкін екенін айтты.

2 мың білікті маман мектептерге жіберіледі дедік. Сонда біздің түпкі мақсатымыз қандай? Ұстаздардың тапшылығын жою ма әлде оларды үлгі етіп, сол жерлердегі білім сапасын арттыру ма? Бұл мәселені де ашып айту керек. Тағы бір мәселе бар. Өңірлерге жіберілетін 2 мың ұстаздың жергілікті жерлерінде өздерінің үйлері, жағдайлары, жұмыстары бар тәжірибелі адамдар, - деді Ерлан Қошанов.

Ол не себепті 4 өңірде ғана педагог тапшы екенін сұрады.

Неге 4 қана өңір? Басқа облыстарда тапшылық жоқ па? – деп сұрады Мәжіліс спикері.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Палата спикерінің сұрағына жауап берді.

4 өңірді екі критерийге сәйкес таңдап отырмыз. Біріншіден, осы 4 өңірде де мұғалім тапшылығы жоғары. Екіншіден, осы 4 өңірде де білім беру сапасы бойынша халықаралық және өзіміздің зерттеулерге сәйкес ең соңғы қатарда. Сол себепті осы өңірлерді таңдап алдық. Сіз айтқан мәселе бойынша қоғамда сұрақтар туындап жатыр. Менің ойымша, әлеуметтік теңсіздік тәуекелі болмайды. Неге? Өйткені, елімізде 650 мың мұғалімнің жалақысын төлеу жүйесі бірдей. Бірақ екі мұғалім бір мектепте істесе де, мұғалімнің біліктілігіне сәйкес айырмашылығы болады. Оның «шебер» деген біліктілігі болса, жалақысы 50 пайызға жоғары болады, - деді министр.

Сонымен қатар магистратура дәрежесі болса, онда ай сайын 30 мың теңге үстемақы алады. 

Бұл жерде қосымша шарттар қосылып отыр. Мысалы, жергілікті мұғалімнің де басқа өңірге баруға мүмкіндігі бар. Яғни ол да осы бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама мұғалім тапшылығын жою және білім сапасын да көтеру мәселесін шешуі керек. Өзінің үйі, үйреніп қалған жері бар мұғалімдер де бар. Бір мектептен екінші жерге көшіп бару оңай емес. Бірақ бізде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, алдыңғы жылы НЗМ Түркістанда ашылды. Осы ретте мықты мұғалімдерді табуда қиындықтар болды. Сондықтан біз конкурс жариялап, барлық елді мекеннің мұғалімдерін конкурс арқылы Түркістан облысына тарттық, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетов ең үлкен тапшылық бастауыш сынып мұғалімдеріне, физика, математика, орыс тілі, ағылшын тілі және басқа да пәндерде байқалатынын айтты.

Білім министрі Мәжіліс төрағасы көтерген мәселелер бойынша мұғалімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы