Кеше 2026, 12:02 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

"20 мың сал да, байып шық": Шымкенттегі қаржы пирамидасына 900 адам кіріп кеткен

«Капитал» атты жоба 900-ден астам адамды «3 күнде 50% табыс» уәдесімен алдап соққан. Тергеу жүріп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті «Капитал» атауымен инвестициялық платформа ретінде жасырын әрекет еткен қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізуде.

Тергеу амалдарына сай, күдікті әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан 20 000-нан 500 000 теңгеге дейін қаражат тартып, 3-5 күн ішінде салым сомасының 30-50%-ға дейін жоғары табыс уәде еткен.

Жаңа қатысушыларды тарту үшін психологиялық әсер ету тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, «жылдам табыс» туралы уәделер мен уақытпен шектелген ұсыныстар арқылы азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай, шешім қабылдауға итермеленген, - деп хабарлады ҚМА.

Алайда уәде етілген табысқа кепілдіктер тек ауызша беріліп, нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе қандай да бір шарттық міндеттемелермен қамтамасыз етілмеген.

Шын мәнінде, салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 900-ден астам салымшы тартылып, жалпы салынған қаражат көлемі 700 млн теңгеден асқан, - делінген хабарламада.

Тергеп-тексеру жалғасуда.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға және қысқа мерзімде жоғары табыс уәде ететін күмәнді жобаларға ақша салудан бас тартуға шақырады. Инвестиция жасамас бұрын ұйымның қызметінің заңдылығын және тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеру қажет.

Еске салсақ, Қазақстанда азаматтардың жеке деректері мен банк қаражатын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Яғни Beeline мен Halyk атынан SMS тұзағын құрған алаяқтар ұсталды. Олар сағатына 100 мың хабарлама таратқан.

Тағы оқи отырыңыз: "Күнделікті табыс" уәдесімен алдаған: "Boxy Wealth" ісі бойынша күдікті қамауға алынды