100 жаңа оқулықты аударуға қанша қаражат бөлінген? – Рауан Кенжеханұлы жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифинг кезінде «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасына қанша қаражат бөлінгені жайлы сұраққа жауап берді.
Жалпы әлемде бұл жұмыстың қалай жүргізілетініне тәжірибе жүргізілді. Авторлық құқықты алуға, аударма қызметін ұйымдастыруға, баспаға шығаруға және оны таратуға қаражат көлемі есептелді. Баспаға шығару жұмысы тек ел ішінде жүргізілді. Оған елдегі бірнеше ауқымды баспалар атсалысты. Сондай-ақ аударма да бірнеше деңгейде өтті. Атап айтқанда, аударма қызметі, кейін ғылыми өңдеу, әдеби өңдеу, және т.б., - деп атап өтті ол.
Кенжеханұлы ең маңызды бөлік құқықты сатып алу болғанын айтты.
Автор қандай бағаны қоятынын өзі шешеді. Сондықтан әр кітап бойынша жеке келіссөздер жүргіздік. Егер әр кітаптың шығынын орташа алып қарайтын болсақ, онда бір оқулыққа 3 860 теңге жұмсалды. Әр кітапта шамамен 500-600 парақ бар. Яғни кітапты аудару, авторлық құқықты сатып алу, оны баспаға шығару, тарату қызметтері осы сома ішіне кіреді, - деп жауап берді Рауан Кенжеханұлы.
Айтуынша, 100 оқулықтың әрқайсысы 10 мың тиражбен басылып шығарылған. Яғни жалпы саны миллион дананы құрайды.
Жаңа айтқан 3 860 теңгені миллион тиражға көбейтеміз. Сонда шамамен 3,8 млн теңге шығады, - деп жауап берді Рауан Кенжеханұлы.