Қазақ әдебиеті адамзатқа ортақ тақырыптарды қозғаған - испан аудармашысы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мен қазақ әдебиетінің туындыларын аудара отырып сіздердің тарихтарыңызбен жақынырақ таныстым. Біз бір-бірімізді әдебиет арқылы жақын тани аламыз. Бұл туралы қазақ әдебиетінің антологиясын испан тілінде сөйлеткен аудармашы Давид Флорес аталған туындының таныстырылымы кезінде айтты.

Жиын барысында аудармашы бұл жобаға қатысу үлкен жауапкершілікті іс болғанын жеткізді.



«Өткен жылы осы жоба жайлы таныстырып, оған қатысуға шақырған кезге дейін мен қазақ әдебиеті жайлы мүлдем білмеген едім. Кейін мен Дәурен Қуат, Роза Мұқанова сынды жазушылардың туындыларымен таныстым. Өкінішке қарай қазақ әдебиеті әлемге таныс емес. Ал испан тілі әлемдегі таралымы бойынша екінші орында тұр. Онымен 700 миллион адам сөйлейді. Осы жобаның арқасында әлемнің әр түкіпіріндегі оқырмандар қазақ әдебиетімен жақын танысады деген ойдамын», - деді ол. 

Сонымен қатар ол, туындыларды аудара отырып, қазақ тарихымен жақын танысқанын айтып өтті.



«Қазір бір-бірімізді әдебиет арқылы жақын тани аламыз. Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдегі ғылым мен мәдениеттің дамуына үлес қосқан идеялар жетіп отырған. Сондай-ақ, қазақ әдебиеті бүкіл адамзатқа маңызы бар тақырыптарды әрдайым қозғап отырады», - деді аудармашы.   

Сөз арасында ол, былтыр қараша айында Даму мақсатындағы халықаралық серіктестік агенттігінің қолдауымен Мадридте Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті орталығы ашылғанын да айтып өтті.

«Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан заманауи қазақ әдебиеті антологияларының испан тіліне аударулыуымен қатар, осы екі оқиға қазақ әдебиеті мен мәдениетінің испантілді әлемге танылуы мен таралуына ықпал етті. Бұдан былай да қазіргі заманғы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары испан тіліне, ал испан әдебиеті қазақ тіліне аударылып, әдеби сабақтастық жалғаса береді деген сенімдеміз», - деді Давид Флорес.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы