Әмірлік полицейлері қазақ полициясынан не үйренеді

16 Қаңтар 2019, 17:12
5677
Бөлісу:
Әмірлік полицейлері қазақ полициясынан не үйренеді

Астана, BAQ.KZ. Біріккен Араб Әмірліктерінің полицейлері Қазақстанға келіп тәжірибе алмаспақ. Бұл туралы тілшісіне БАӘ-нің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир айтты.

Дипломат 2019 жылға елшіліктің ерекше жоспары туралы бөлісті. Айтуынша,ол басқаратын ұжым жұмысы екі ел арасындағы келісімдермен шектелмейді.

«Осы күнге  дейін  БАӘ-нің Қазақстандағы елшілері өте жақсы жұмыс істеді. Бәлкім, менен де жақсы жұмыс істеген шығар. Ал, мен елші болған екі жылдың ішінде ұжымыз Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту саласында бірқатар жұмысты атқарды. Бірқатар келісімге қол қойылды. Сот істері, инвестиция тарту, визасыз режим мәселесі сынды ауқымды, маңызды  істер тындырылды. Бұл жұмыстар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады. Екі ел арасындағы келісімдермен шектелмейміз. Одан да тыс жұмыс істейміз. Қауіпсіздік саласында да ынтымақтастықты дамыту жоспарда бар. Елшілік тарапынан биылғы жаңа ұсыныс БАӘ полиция қызметкерлерін ҚР-ға алып келіп, ІІМ-мен байланыс негізінде тәжірибе алмасуды ойластырып отыр», - деді елші.

«Неге полицейлер? Басқа сала мамандары емес» деген сұрағымызға былай жауап берді.

«БАӘ-да   полиция қызметі өте дамыған, мүмкіндіктері мол. Бірақ, оларға тәжірибе жетіспейді. Ал біз ҚР полиция қызметкерлерінің жұмысын бақыладық, олардың тәжірибелері жоғары. Сондықтан да полицейлердің осы жақтан тәжірибе алмасқанын жөн көріп отырмыз», - деді ол.

Елші Қазақстаннан медицина қызметкерлерін де БАӘ-ге апару жағын ойластырған. Бірақ біздің елдегі медбикелердің ағылшын тілін не араб тілін білмеуі кедергі болып отыр.

«Медицина саласына қатысты да зерттеулер жасадық. Медбикелерді тәжірибе алмасуға, жұмысқа тарту бойынша ұсыныстар түсіп жатады. Алайда, Қазақстандағы медбикелердің тілді білмеуі проблема болып отыр. Сол себепті де барынша барлық саланы қамтуға тырысып жатырмыз. Астанадағы Кардихирургиялық ғылыми орталыққа БАӘ мамандары келіп, тәжірибе көрсетті», - деді дипломат.

Оның сөзіне қарағанда Әмірліктегі тұрғындар Қазақстан жайлы көп біле бермейді. Осыған орай елшілік БАӘ-де арнайы анықтама жасап шығарған.

«БАӘ халқы Қазақстан жайында көп ақпараттанбаған еді. Қазір біз осы жұмыстарды  қолға алып жатырмыз. Соңғы екі жылда Қазақстанның барлық туристік орнын баяндайтын  анықтама жасап, тараттық. Қазір БАӘ азаматтары Қазақстанды танып жатыр. Екі елдің салт-дәстүрі мен мінез-құлықтары ұқсас екенін де байқадық. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады», - деді Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир.

Ал Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы ведомствоның қызметкерлері Әмірліктегі әріптестерінен үйренері көп екен.

«Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен де қарым-қатынас орнаттық. Оларға БАӘ-ден мамандар келіп, тәжірибе алмасты. Болашақта біз ҚР делегациясын БАӘ-ге апарып, біздегі жемқорлыққа қарсы ұйымдардың жұмысымен таныстыруды көздеп отырмыз», - деп қорытындылады дипломат.

Бүгін «Мейірім шуағы» қайырымдылық акциясының аясында ерекше білімді қажет ететін, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға сыйлық таратылды. Мың балаға сыйлықты БАӘ төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир тарту етті.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир елшіліктің былтыр Қазақстанда қайырымдылық шаралары үшін қанша ақша жұмсағанын айтты.

Автор: Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы