Walt Disney, Universal және Warner Bros Discovery Қытайдағы Minimax жасанды интеллект компаниясына қарсы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, компанияның Hailuo AI нейрожелісі пайдаланушыларға әйгілі фильмдердегі кейіпкерлермен суреттер жасауға мүмкіндік беріп, авторлық құқықты бұзады.
Голливуд алпауыттары мұндай әрекет түпнұсқа контенттің саудасын төмендетіп, нарыққа залал келтіретінін алға тартады.
Minimax-қа қарсы бұл сот ісі – авторлық құқық заңдарын қай жерде болмасын бұзғандарға қарсы ортақ ұстанымымыздың дәлелі, – делінген үш студияның бірлескен мәлімдемесінде.
Disney, Universal және Warner Bros Discovery соттан зиянды өтеуді, заңсыз әрекеттерді тоқтатуды және Hailuo AI қызметін таратуға уақытша тыйым салуды талап етуде.
Бұған дейін Warner Bros MidJourney платформасын DC комикстерінің кейіпкерлерін заңсыз пайдаланғаны үшін сотқа берген болатын. Компаниялар танымал кейіпкерлер бейнесінің қолданылуы жазылым сатылымына тікелей әсер ететінін атап өтті.