Amazon компаниясы құрылғылар мен сервистер бөлімінде шамамен 250 жұмыс орнын қысқартты. Бұл шешім Kindle электронды кітаптары мен планшеттерді қоса алғанда, жаңа өнімдер таныстырылғаннан кейін қабылданды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Компания өкілі қысқарту туралы ақпаратты растады. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдау оңай болмағанымен, ол компанияға жұмысты тиімді ұйымдастыруға және өнімдерді дамыту жоспарына сай әрекет етуге мүмкіндік береді. Қысқарту негізінен бағдарламалық жасақтама әзірлеушілеріне әсер еткен.
Reuters дерегінше, сәрсенбі күні қызметкерлерге қысқарту туралы мәтіндік хабарламалар мен электрондық хаттар жіберілген. Amazon компаниясының құрылғылар мен сервистер бөліміндегі персоналмен жұмыс жөніндегі вице-президенті Чери Робинсон ұйым құрылымына жан-жақты талдау жүргізілгеннен кейін осындай шешім қабылданғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар компания Alexa дауыстық көмекшісімен жұмыс істейтін жаңа оятқыш пен фотосуретке арналған цифрлық жақтауды таныстырды.
Айта кетейік, қазан айының басында Amazon бөлшек сауда бөлімінде де шамамен 1 000 жұмыс орнын қысқартқан болатын. Компания үшінші тоқсандағы қаржылық нәтижелерін бейсенбі күні сауда-саттық аяқталғаннан кейін жариялауды жоспарлап отыр.