Аманжол Әлтай әр өңірде Ұлттық университет мәртебесін беруді ұсынды

15 Маусым 2022, 14:35
3416
Бөлісу:
Аманжол Әлтай әр өңірде Ұлттық университет мәртебесін беруді  ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жоғары білімге қатысты сауал жолдады. 

 Қазіргі уақыт - сапалы жоғары білім мен өмірлік қажеттіліктерді дер кезінде шешуге септесе алатын ғылым дәуірі. Бұл ретте еліміздегі университеттерге жүктелер міндет аса ауқымды. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, еліміздегі университеттерге қатысты шешімін күтіп тұрған түйткілді жәйттер бар екенін байқаймыз. Солардың бірі – Ұлттық университет мәртебесіне байланысты. Бүгінде Қазақстандағы Ұлттық университеттер саны 10 және олардың бәрі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана орналасқан, - деді Әлтай. 

Депутат атағандай, осы тұста өңірлердегі әлеуетті университеттерге қатысты сұрақ туындауы заңдылық. 

Өйткені «Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан» - деп мемлекет басшысы айтқандай, Ұлттық университет мәртебесін беруде аталған қалалардан басқа жерлердегі жоғары оқу орындары назарға ілінбей қалуы әділеттілікке жатпайды. Шындыққа жүгінсек, Елордамыздағы негізгі кадрлық сұраныстың басым бөлігін өңірлердегі әлеуетті білім ордаларында дайындалып келген білікті мамандар өтеп отырғанын мойындауымыз керек. Олай болса, елімізге қажетті білімді де білікті мамандар дайындау ісінде сапалы нәтиже көрсетіп келе жатқан, еліміздің дамуына салмақты үлес қосқан аймақтардағы университеттер өзіне лайықты Ұлттық мәртебе иеленуі тиіс, - деді ол. 

Аманжол Әлтай атағандай, еліміздің әр өңірінде Ұлттық университет мәртебесін иеленуге әбден лайық білім ордалары бар. 

Олар қазіргі Ұлттық университеттермен иық тіресе бәсекелесіп қана қоймай, жекелеген көрсеткіштер бойынша озық нәтижелер көрсетіп жатыр. Өңірлердегі университеттер арасында мемлекетімізді беделді әлемдік рейтингтерде танытып, ұлттық рейтингтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жұмыс берушілер мен жалпы халық арасында жоғары академиялық беделге ие болып жүрген оқу орындары бар екенін ескеруіміз қажет, - деді ол. 

Депутаттың пікірінше, 13 809 студент білім алатын, 58 профессор, ғылым докторы, 77 PhD докторы, 269 доцент, ғылым кандидаты еңбек ететін Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, 29 401 студент білім алатын, 64 профессор, ғылым докторы, 94 PhD докторы, 521 доцент, ғылым кандидаты еңбек ететін М. О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, 15 203 студент білім алатын, 30 профессор, ғылым докторы, 26 PhD докторы, 230 доцент, ғылым кандидаты еңбек ететін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік білім шаңырағы Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық.

Бұлардың үшеуі де 2021 жылғы республикалық конкурстың қорытындысы бойынша мықты өңірлік университеттер қатарына кірген классикалық көпсалалы білім ордалары. Сайып келгенде, өңірлерде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген университеттердің Ұлттық мәртебе иеленуі сол оқу орындары үшін ғана емес, олар орналасқан өңірлер үшін де экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан зор серпін берер стимул болары анық. Әсіресе, сол университеттерде білім алып, ғылымға талпынған жастардың өз өңірлерінде тұрақтап қалуына әсер етері сөзсіз. Сондай-ақ, өңірлердегі университеттер арасында шынайы бәсекелестіктің орнығуына жол ашады. Демек өңірлердегі университеттерге де білім мен ғылым саласында маңызды орын алатын оқу орындары ретінде назар аударатын кез жетті деп білеміз, - деді ол. 

Ел Президенті Тоқаев «Қуатты өңірлер – қуатты мемлекет» деп атап көрсеткендей, әр өңірде ірі Ұлттық университеттің болуы мемлекет көлемінде алға тартылып отырған өңірлерді дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттардың нәтижелі орындалуына үлкен үлес қоспақ. 

Өңірлердегі жоғары білімге, жаңаша ғылыми ізденістерге, адам капиталын жан-жақты дамытуға жасалған бүгінгі инвестиция ел көлеміндегі болашақ игілікті нәтижелерге жол ашу болары анық, - деді Әлтай. 

Өзгелердің жаңалығы