Амангелді Құрмет: Түркия президентінің Қазақстанға сапарын тек қана қару-жарақ тұрғысынан бағаламау керек

12 Қазан 2022, 17:39
1056
Бөлісу:
Амангелді Құрмет: Түркия президентінің Қазақстанға сапарын тек қана қару-жарақ тұрғысынан бағаламау керек

 BAQ.KZ тілшісі «AIQYN» газетінің бас редакторы  Амангелді Құрметтен Түркия мен Қазақстан арасындағы қорғаныс саласындағы байланыстар туралы пікірін сұрап көрген еді.

- Түркия Қазақстанда байрақтарды өндіретін зауыт салу туралы келісім жасаған еді. Қашан іске қосылмақ?

-  Қасым-Жомарт Кемелұлының Анкараға жасаған сапарында Түркия Қазақстанда дрон өндірісін салу туралы келісім жасаған болатын. Әзірге бұл келісімнің нақты нәтижесін көре қойған жоқпыз. Бәлкім, нақты құжаттары, өндіріс салатын орындар пысықталып жатқан болуы керек. Тек 2023 жылы бұл өндірістер іске қосылуы мүмкін. Іске қосылмағанның өзінде сатып алады деген бірнеше дана әскери байрақтар Қазақстанға жеткізілмек. Осы тұста ескере кететін мәселе, Түркияның қорғаныс кәсіп орындары соңғы жылдары өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Айталық, әлемдегі «Топ-100» деген тізімге Түркиядан 3 компания кіріп отыр. Қазір Қазақстанда осы компаниялардың біреуінің кәсіпорны бар. Бір қызығы, «Aselsan» компаниясының шетелдегі жалғыз зауыты Қазақстанда орналасқан. Егер оған «Türk Havacılık ve Uzay Sanayii» компаниясы қосылатын болса екі ел арасындағы қорғаныс өнеркәсібі саласындағы байланыстар нығаюы мүмкін. 

- Режеп Тайып Ердоғанның Астанаға жасаған алғашқы сапарынан соң Түркия мен Қазақстан арасындағы қару-жарақ байланысы қалай өзгермек?

- Түркия президентінің Қазақстанға сапарын тек қана қару-жарақ тұрғысынан бағаламау керек. Қазіргі таңда екі елдің сауда айналымы шамамен 5 млрд долларға жақындаған. Осы сапар  барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейту, инвестиция салу мәселесі қарастырылады деп ойлаймын. Көрші Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты көптеген әлемдік компаниялар Орталық Азияда немесе Түркияда орналасуы мүмкін. Өткен аптада Қазақстанға «Toyota» мен «Volkswagen group» кәсіпорындары келеді деген ақпарат тараған. Егер осындай кәсіпорындар Қазақстанда орналасатын болса, әрине Түркияда бізбен қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Сондай-ақ, қорғаныс саласындағы байланыстар да әрі қарай нығая түседі деген үміттемін.

Өзгелердің жаңалығы