Қарағандыда сайлаудың ашық өтуін «Аманат» штабы бақылайды

6 Мамыр 2019, 08:35
2522
Бөлісу:
Қарағандыда сайлаудың ашық өтуін «Аманат» штабы бақылайды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Президент сайлауы қарсаңында Қарағандының қоғамдық бірлестіктері мен белсенді азаматтары өзара бірігіп, «Аманат» азаматтық тұғырнамасын құрды. Азаматтық тұғырнамаға мүше қоғам белсенділері сайлаудың ашық әрі әділ өтуін бақылайтын болады.

Аталған платформа - әділ әрі ашық сайлау өткізуге мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз бірлестігі. Сайлау процесіне қоғамдық мониторинг жасау мақсатында құрылған штабқа қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен қатар сарапшылар, журналистер, жастар, сондай-ақ белсенді азаматтар да кірген.

«Сәуір айында еліміздің астанасында азаматтық белсенділердің алғашқы отырысы өтті. Онда сайлау процесіне қоғамдық мониторингті қалай жүргізуге болатындығы талқыланып, белсенді азаматтар мен сарапшылардан құралған қоғамдық штаб құрылды. Олар бес бағыт бойынша жұмыс істейтін тұжырымдаманы құрды. Бұл тұжырымдама сайлауға қажетті жағдайды тудыруға мүмкіндік бермек», - дейді штаб мүшесі Татьяна Абрамова.

«Аманат» азаматтық платформасы «Сайлау өткізуге дайындық», «Сайлаушылардың өз құқықтарын білуі», «Адалдық», «Ашықтық» және «Ынтымақтастық» бағыттары бойынша жұмыс істейді. Штабтың жұмысы ашық диалог түрінде жүзеге аспақ.

«Азаматтардың «үміткерлерге бірдей жағдай жасала ма?», «сайлаушылар таңдаған үміткеріне қалай қолдау көрсете алады?», «егер де азаматтардың құқығы бұзылған болса олар қайда және қалай шағым түсіре алады?» деген сияқты сұрақтарына азаматтық платформа жауап беретін болады. Сондай-ақ, біз сайлау бойынша заңдық кеңес береміз, бірінші рет сайлауға қатысқалы отырған сайлаушыларды оқытамыз», - деді «Аманат» штабының мүшелері.

Азаматтық платформа қаладағы әрбір сайлау бөліміне тәуелсіз бақылау және ақпарат алмасу желісін ашуды жоспарлап отыр. Қоғам белсенділері халықаралық ұйымдармен, орталық сайлау комиссиясымен, жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларымен, азаматтық сектормен және басқа да құрылымдармен ынтымақтасуға ниетті.

Өзгелердің жаңалығы