Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында партия хатшысы Дәулет Кәрібек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, аманаттықтар Қостанай облысындағы табиғи өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін екі күн ішінде 807 тонна гуманитарлық көмек жинаған.
Төтенше жағдай орын алған сәттен бастап «AMANAT» партиясы көмек қолын созуға кірісіп кетті. Партия мүшелері зардап шеккен тұрғындарға тікелей сол жерде қолдан келген көмек көрсетіп жатыр. Оқиға орнына «Жастар Рухы» жастар қанатының 300-ден астам волонтері барды, олар гуманитарлық көмекті жүк көліктерінен түсіруге және таратуға жәрдемдесуде. Мұның бәрі қазақстандықтардың бірлігін, олардың өз отандастарына көмек көрсету үшін жұдырықтай жұмыла алатынын дәлелдейді. Зардап шеккендер тезірек қалыпты өміріне оралуы үшін және жаңа баспаналар салу үшін күш-жігер жұмылдыру қажет. Осы ортақ міндетті бірлесіп атқаруға AMANAT партиясы да белсене атсалысады, - деп атап өтті Дәулет Кәрібек.
Нақтырақ айтқанда, жиналған гуманитарлық көмектің 200 тоннаға жуығы Қостанайға жеткізілген.
Атап айтқанда, кеше партия мүшелері 312 тонна, ал бүгін 495 тонна көмек жинады. Оның 338 тоннасы – азық-түлік. Сондай-ақ жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары да бар, - деді партия хатшысы.