Амал мерекесін маңғыстаулықтар қалай атап өтеді?

14 Наурыз 2021, 10:17
4374
Бөлісу:
Амал мерекесін маңғыстаулықтар қалай атап өтеді?
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді батыс жұрты ерекше тойлайды. Маңғыстаулықтар Көрісу күнімен ғана шектелмей, Амал мерекесін де атап өтеді. Көрісу күнінде алыс-жақын туыстар, көршілер жиналып, бір-біріне реніштерін ұмытып, амандық-саулық тілейді.

Көрісу күні әр адамның көктеммен бірге көңілі де жасаруы тиіс деген ұғым қалыптасқан. Бұл күні ағайын-туыстарды, көршілерді аралап, көрісіп «бір жас қосуыңызбен!» деп тілек айтып, амандық сұрасады. 

Бұл мерекеде алыс-жақын ағайындар, көршілер жиналып, бір-біріне деген реніштерін кешіріп, құраннан дұға бағыштайды. Алыста жүрген балалары жиналып, ата-анасына амандық-саулық тілеп, қара шаңыраққа жиналып, мәре-сәре болады. 14 наурыз осынысымен құнды. 

Көрісу күніне орай Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы IT мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жанар Тініқұловамен сұхбаттастық. Маңғыстаулық Жанар бұл мерекені қалай атап өтетіндерімен бөлісіп, Амал мерекесінің тарихына қысқаша тоқталды. 

Амал мерекесінің тарихына тоқталатын болсақ, оны Көрісу күні деп қана атап қоймайды. Не себепті Амал мерекесі деп атады? Себебі қыстан амалдап шыққан жұрттың, халықтың қауышатын күні. Мысалы, Маңғыстау өңірінде бұрындары бір-бірінен алшақ орналасқан ауылдар қыс бойы араласа алмаған, хабарласа алмаған. Осылайша жұртшылық қыстан аман шыққаннан кейін, көктемге аяқтары жеткеннен соң наурызда үй-үйді аралаған. Ең алдымен әулеттің, ауылдың, рудың үлкендерінің үйін аралаудан басталады. Яғни халық бірінші бір-біріне көрісіп барады, артынан той жасалады, - деді Жанар Тініқұлова. 

Амал мерекесін маңғыстаулықтар қалай атап өтеді?

Ол карантинге дейін Көрісу күнінің, Амал мерекесінің ерекше тойланатынын айтты. 

Маңғыстауда карантинге дейін Отпан тауда от жағылатын. Отпан тау – бұл қасиетті Көкбөрінің мүсіні орналасқан мәдени-тарихи кешен. Осы жерде маңғыстаулықтар отын, алауын тұтатып, кездеседі. Ойдағы, қырдағы халықтың бәрі осы қасиетті мекенге жиналады, - деп айтты мұғалім. 

Сонымен қатар Отпан тауда рулар арасында кезек-кезекпен той ұйымдастырылып тұрады. 

Амал мерекесін маңғыстаулықтар қалай атап өтеді?

Мысалы, карантинге дейін рулас жұрт өз араларында қаражат жинап, той өткізетін. Мереке аясында қазақтың түрлі салт-дәстүрлері жаңғыртылады. Келіндер бәйгесі, бұрымды ару бәйгесі, өнерлі айтыскер, әншілердің байқауы, палуандар күресі. Қазақтың осындай ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Сайыстың ең үлкені – бәйге. Бәйгенің жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар берілді, - деп атап өтті маңғыстаулық. 

Жанар Тініқұлованың сөзінше, былтыр карантинге байланысты Отпан тауда от жағу тоқтатылды. Биыл да бұл дәстүр уақытша тоқтатылуы мүмкін. Алайда жұртшылық карантинге байланысты тек жақын туыстары арасында жиналып жатыр. 

Ұжымымыз болып 14 Наурыз – Көрісу күніне орай шағын мерекелік шара ұйымдастырдық. Бұл Көрісу, яғни Амал мерекесіне орай жасалды. Осылайша ұжымымызбен, ұстаздар қауымымен атап өттік. Ауыл-ауылға бөлініп, жас ерекшелігіне сәйкес онға жуық топқа бөлініп, тойладық. Шара барысында әріптестерім өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Сондай-ақ, теңге алу сайысына қатысты, - деді ол Амал мерекесі жайында. 

Ол атап өткендей, былтыр коронавирус індетіне байланысты Амал мерекесін атап өтуге қатаң тыйым салынған болатын. Енді биыл Отпан тауға от жағып, кең көлемде атап өтпесе де, ұжым болып кеше тойлаған. 

Амал мерекесін маңғыстаулықтар қалай атап өтеді?

Сондай-ақ, 14 наурыз Амал мерекесінде ұлттық тағамдардан дастархан жайылады. Ет асылып, шұбат сусыны қойылады. 

Маңғыстауда тойланатын Амал мерекесінің басқа Батыс өңірінен ерекшелегі – той деңгейінде атап өтілуі. Орал, Ақтөбе, Атырауда болдым. Бұл аймақтарда тек көрісумен ғана шектеліп қалады. Ауқымды көлемде тойламайды, - деп айтты маңғыстаулық тұрғын. 

Сондай-ақ, Амал мерекесінің тағы бір ерекшелігі – бір-бірін көрмеген ағайын-туыстар сый-сияпатын, тарту-таралғысын алып барады. Әйелдер қауымы ата-аналарына, әулеттің үлкендеріне ең жақсы сыйлықтарын тарту етеді.
 



Өзгелердің жаңалығы