«Қазақстан алюминий» зауыты еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Алюминий қоспасының басым бөлігі осында өндіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда кәсіпорынның қазіргі тыныс-тіршілігін білу үшін зауытқа арнайы бардық. Ең алдымен сіздің қауіпсіздігіңіз үшін басыңызға арнайы қорғаныш бас киімі, көзілдірік, сондай-ақ құлаққап беріледі. Зауыттың көлемі үлкен болғандықтан маманның айтқан ақпараттарын естіп жүруге арнлаған құлаққапты пайдаланамыз. Зауытты қызметкерлердің көмегенсіз өз еркіңізбен аралауға тыйым салынады. Себебі қауіпсіздік өте маңызды.
Бірінші алюминий тотығын яғни, глинозем өндіру үшін боксит пайдаланылады. Мұнда тау боп үйілген боксит төрт кеніштен әкелінеді. Әр жерден алып келгендіктен, олардың қасиеті де, көлемі де әртүрлі. Ал өндірісте нәтижеге қол жеткізу үшін бокситтің пайдалы құрамын толық алу қажет. Ол үшін арнайы техника пайдаланылады. Одан басқа, әктас секілді қосымша шикізаттар қажет. «Қазақстан алюминийі» АҚ-ы әктас шикізатын облыстағы «Керегетас» кенішінен өндіріп алады.
Сондай-ақ, боксит шикізаты байерлік технология арқылы өңделіп, кальцийлеу пешінен бір-ақ шығады. Ол аппақ ұнтақ секілді алюминий тотығына айналады. Пештің ішіндегі температура +1400 -қа жетеді. Сондай бұл пештер үздіксіз, тоқтаусыз жұмыс істейді. Мүлде өшіруге болмайды. Пештің температурасын, жұмысын көру үшін арнайы компьютер пайдаланылады. Мамандар пештің қызуын бақылап отырады. 5 пеш жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта 1 млн 400 мың алюминий тотығы өндіріледі. Оның 250 мың тоннасын Электролиз зауыты алса, 130 мың тонна Тәжікстанға, қалғаны Ресей еліне 714 мың тоннан жөнелтіледі. Келесі жылы глиноземді 1 млн 500 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Одан кейінгі бағытымыз Қазақстан электролиз зауыты болды. Алдымен анодты қалай өндіретінін көрдік. Анод – алюминий өндірісіндегі негізгі шикізаттың бірі. Осы электролиз зауытындағы электрод өндіру цехында 15 жыл бойы тұрақты монтаждалып келеді. Бұрын Қытайдан шығарылған анодтар қолданылған болса, қазір электролиз зауытында шығарылады. Анод қажетті қалыпқа келтіріліп, тиісті стандарттар талабына сай болуы үшін алдымен оны сығымдап, күйдіріп, сосын монтаждайды.
Дайын анод.
Сондай-ақ зауытта жоғары ампералы электролизерлер қолданылады. Электролизерлер сериясы 288 электролизерлерден тұрады.
Қазақстан электролиз зауыты еліміздегі алғашқы алюминий өндіретін жалғыз зауыт. Зауытта 20 келі болатын алюминий құймасы шығарылады.