Алып жылан жұтқан кесіртке тірі қалды

13 Қыркүйек 2019, 16:34
11879
Бөлісу:
Алып жылан жұтқан кесіртке тірі қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бангкок тұрғыны өзінің ас үйінен алып алабажақ кесірткені жұтып қойған питонды тауып алған.

Daily Mail мәліметінше, түнде әлдекімнің үйінде тықырлатып жүргенін естіген әйел төменге түскен. Ол ас үйге жеткен кезде қарны қампиып кеткен питонды көріп, дереу құтқарушыларды шақырған.

Кейіннен белгілі болғандай, жылан ұзындығы 1,2 метр алып кесірткені жұтып қойған.

Құтқарушылар келгенде питонның аузынан кесірткенің құйрығы ғана шығып тұрған. Питон жыбырлап, ас үйден шығып кетуге әрекеттенді. Алайда, құтқарушылар оны ұстап үлгерді.

Бір кезде питон «құсып» жібергендей болып, алабажақ кесіртке жерге түсіп кетеді. Денесін қап-қара шырыш басқан кесіртке бірер минут есінен танып жатты.

Бұл сәтті видеоға түсіріп алғандардың айтуынша, жылан кесірткені бірнеше секундта-ақ аузынан шығарып үлгерген. Біраз уақыт өткен соң кесіртке есін жиып, бөлменің ішінде ала сұрып жүгере бастады.

Құтқарушылар екеуін де ұстап, қапқа салып алып кетті. Оларды бостандыққа жібермес бұрын құтқарушылар олардың ешқандай зақым алмай, жағдайлары жақсы екеніне көз жеткізді.

 

Өзгелердің жаңалығы