Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аляскадағы саммит: Қазақстан қандай ұстанымда болуы керек?

Олжас АДАЙ
14 Тамыз 2025, 12:03
5927
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Саясаттанушы, халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасым алдағы Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Аляскада өтетін кездесуін талдап, Қазақстан үшін маңызын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Риззат мырза, алдағы Трамп–Путин саммиті неге ерекше назарда?

Расында, барлық назар жақын күндері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі өтетін Аляскаға ауған. Бұл оқиға әлдеқашан әлемдік саясаттың тартылыс орталығына айналып, жаһандық күштер теңгерімінде болуы мүмкін өзгерістерді алдын ала болжауға бір қадам жақындатары хақ. Оған қоса, 1988 жылдан бері Америка жеріндегі "АҚШ–Ресей" бірінші саммиті болмақ.

Аляскадағы саммит: Қазақстан қандай ұстанымда болуы керек?
спикердің жеке мұрағатынан

– Путиннің АҚШ-қа соңғы сапары қашан болған еді?

Путиннің АҚШ аумағына соңғы сапары 2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысып, сол кездегі президент Обамамен кездескен тұсында болған. Егер Аляскада кездесу өтсе, ол Путиннің АҚШ-қа 10 жылдан кейінгі алғашқы сапары болады. Бұл екеуінің алғашқы кездесуі емес, олар соңғы рет 2019 жылы Осакадағы G-20 саммитінде толық форматты келіссөздер өткізген. Бірақ содан бері әлемнің саяси картасы түбегейлі өзгеріп, одақтастықтар мен халықаралық диалог атмосферасы қайта қаралды.

– Тараптардың бастапқы ұстанымдары қандай?

Путин аумақтық жаулап алуларды заңдастыруға, Украинаның бейтараптық мәртебесін қамтамасыз етуге және санкцияларды жоюға ұмтылып жатыр. Ал Трамп кездесуді "feel-out" яки "сезіну" ретінде қабылдап, алғашқы минуттарда бейбіт келісімнің мүмкіндігін анықтауды көздейді. Ол келісімге келуге дайын, алайда агрессия жалғасса, санкцияларды күшейтетінін ескертіп отыр.

– Дипломатиялық тұрғыдан бұл кездесудің ерекшелігі неде?

Дипломатия теориясы бойынша, Трамптың ұстанымында "делдал-патша" стилі байқалады. Яғни, ол "бітімгер" болуға тырысып жатыр. Бірақ 1936–1938 жылдардағы тыныштандыру саясатын қайталау қаупі де бар.

– Путин қандай форматты қалайды?

– Путин Украина мен Еуропаны оқшаулаған жағдайда ұстап, келіссөздерді "екіжақты" форматта жүргізгісі келеді. Мәселенің сәл ілгерлеуіне қарамастан, үлкен үміт артпас едім. Бұл – "келіссөздер жөніндегі келіссөздер" ғана болмақ.

– Қазақстан үшін бұл саммиттің маңызы қандай?

– Қазақстан аймақтың тұрақтылығына, ішкі жанжалдарға араласпауға және халықаралық құқықты нығайтуға мүдделі. Егер кездесуде мәжбүрлеу сипатындағы аумақтық өзгерістерді мойындау қабылданса, бұл кез келген аумақтық дауы бар ел үшін алаңдатарлық прецедент болады. Украина – біздің геосаяси көршіміз, оның тағдыры жалпы қауіпсіздік архитектурасына әсер етеді. Сондықтан Қазақстан саммит нәтижелерін мұқият қадағалайды деп ойлаймын.

– Қазақстан қазір қандай дипломатиялық қадамдар жасап жатыр?

– Қазір мүдделі мемлекет басшылары арасында жан-жақты кеңестер жүргізілуде. Мұны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі әріптестерімен соңғы телефон арқылы сөйлесулері де дәлелдейді. Путин мен Зеленскийдің қоңыраулары символдық мәнге ие: екі тарап та өз айналасында «бейбітшілік орнатушы шеңбер» қалыптастыра отырып, Қазақстанның түсіністігі мен қолдауына ие болуды көздейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Еске салайық, бұған дейін саясаттанушы Жанат Момынқұлов АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің арасындағы кездесуде не айтылатынын болжаған еді.

Сонымен қатар "Армения мен Әзербайжан арасындағы келісім қалай жүзеге асты?" деген сұраққа саясаттанушы Руслан Мақсат жауап берген еді.

Өзгелердің жаңалығы