Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аляска саммиті: Саясаттанушы Трамп пен Путиннің қандай келісімге келуі мүмкін екенін болжады

Олжас АДАЙ
13 Тамыз 2025, 07:30
5144
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Аляскада кездесіп, Украинадағы қақтығыс пен ықтимал бітім шарттарын талқыламақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Трамп бұған дейін ультиматум жариялап, егер бейбіт келісімге ілгерілеу болмаса, Ресей мен оның серіктестеріне қатаң санкциялар салатынын айтқан. Алайда АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге сапарынан кейін Ақ үй бітімге үміт барын мәлімдеді.

Bloomberg дерегінше, келіссөз нұсқасында Ресейдің Донбасс пен Қырымды аннексиялағаны заңдастырылып, Украина әскерін Луганск пен Донецк облыстарының бір бөлігінен шығарады. Мұның орнына Мәскеу Херсон және Запорожье бағытында шабуылды тоқтатады.

Украина президенті Владимир Зеленский "территорияны айырбастау" идеясын қатаң түрде жоққа шығарды. Ол Конституцияға сай бір де бір жерден бас тартпайтынын және кез келген келісімнің Украинасыз қабылдануына қарсы екенін айтады.

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов не дейді?

— АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Аляскадағы кездесу орнының символдық мәні неде?

Кездесудің жақында өтетінін сұхбаттарымда болжағанмын. Бұл Путинді изоляциядан шығаратын қадам, Ресейдің жаулап алған жерлерін мұздатып, келіссөз үстеліне отырып Ресейдің жаңа жерлерін уақытша заңдастыратын символикалық жетістік. Путиннің қалағаны – өзіне құрмет көрсетіліп, Трамппен тең құқылы кездесу. Еуропадан алыста жатқан және Ресейдің империялық қытығына тиетін бұрын Америкаға сатып жіберген жері Аляскада өтуі ерекше символдық шешім. Бұл Ресейге "шекара өзгеруі мүмкін" деген қауіпті мағына береді.

Біріншіден, бұл – географиялық және тарихи тұрғыдан екі алпауыт арасындағы күрделі, мәмілеге толы қарым-қатынасты еске салады. Екіншіден, ол екі елдің ортасында орналасқан, қауіпсіз әрі заңды "аралық келіссөз алаңы" ретінде қабылданады. Үшіншіден, Трамп Путинді Америкаға келіп келіссөз жасауға көндіргенін білдіреді. Бұл Трамп үшін имидждік жеңіс, ал Путин үшін ақпараттық жетістік. Төртіншіден, кездесудің қиыр Азияның үстінде өтуі – Қытай тақырыбы да талқылануы мүмкін екенін меңзейді.

— Бұл кездесу АҚШ–Ресей қатынастарында жаңа кезеңнің басталуын білдіре ме?

Жоқ, толыққанды жаңа кезең деп айту қиын. Бірақ кездесу соғыстың қарқынын азайтып, әртүрлі шешім нұсқаларын талқылау кезеңін бастауға жол ашуы мүмкін. Бұл Путин үшін халықаралық аренада қайтадан легитимді тұлға ретіндегі бейнені қалыптастыруға мүмкіндік. АҚШ үшін – саяси маневр мен пікір алмасу алаңы. Украинаның қатысуынсыз келіссөздер жүргізу – Еуропаның ықпалы төмен екенін де көрсетеді.

— Тікелей диалог Украинадағы соғысты тоқтатуға әсер ете ала ма?

Қысқа мерзімде аздаған оң ықпалы болуы мүмкін. Алайда Путиннің шарттары – Украина үшін қабылдауға келмейтін талаптар. Толық бітім емес, тек уақытша тоқтау немесе келіссөздердің жалғасуы ықтимал.

— Бұл кездесу АҚШ-тың Украинаға қолдау саясатына өзгеріс енгізуі мүмкін бе?

Иә, белгілі бір қауіп бар. Егер Трамп келіссөздер барысында Ресейге жеңілдіктер берсе немесе Украинаға әскери көмекті қысқартса, Киев әлсірейді. Еуропа мен Украина қазірдің өзінде алаңдаулы. Аляскадағы кездесу – символдық, саяси және құқықтық тұрғыдан да стратегиялық таңдау. Бірақ ол соғысты бірден тоқтатпайды. Бұл – жаңа дипломатиялық комбинациялардың басталуы және тараптардың бір-бірінің шынайы ниетін бағамдау алаңы.

— Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы