Алуа Жолдыбалина: Мемлекеттің мемлекеттігін көрсететін мереке

14 Қазан 2022, 20:39
1379
Бөлісу:
Алуа Жолдыбалина: Мемлекеттің мемлекеттігін көрсететін мереке

25 қазан - Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы шешім қабылданған болатын. Маңызды мерекеге байланысты сарапшы Алуа Жолдыбалина өз ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Республика күні мемлекеттің мемлекеттігін көрсететін үлкен мереке. Егемендіктің бірнеше белгісі бар. Ол-дербестігі, теңдігі,бөлінбеушілік принципінің болуы. Ал Қазақстанның егемендігі- осы күні қабылданған декларациямен анықталған. Сондықтан саяси тұрғыдан да, идеология жағынан да бұл өте маңызды мереке деп есептеймін. Сол себепті қайта жаңғыруын қолдаймын, - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  25 қазан - Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, ол бұл мерекенің тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек екенін айтқан.

Мереке тарихы: 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 

Өзгелердің жаңалығы