«Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары анықталады

4 Желтоқсан 2023, 18:00
545
Бөлісу:
«Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары анықталады

12 желтоқсанда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Байқаудың басты мақсаты – отандық өнімнің сапасын арттыру. Демек, басты критерийлер – ұйымның өнім немесе қызмет сапасы саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуі, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізуі. Биыл байқауға қатысуға 221 компания өтінім берді.

Өтетін күні мен уақыты: 2023 жылғы 12 желтоқсан сағат 9.00

Өтетін орны: Астана қаласы, Конгресс орталығы, Гейдар Әлиев к., 12

«Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауда жыл сайын төрт номинацияда үш санат бойынша сыйлық беріледі:

  • «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
  • «Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын»;
  • «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
  • «Азық-түлік және/немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең жақсы кәсіпорын».

Әр номинацияда келесі cанаттар бойынша үш жүлде беріледі:

  • Шағын кәсіпкерлік субъекті;
  • Орта кәсіпкерлік субъекті;
  • Ірі кәсіпкерлік субъекті.

Байауда берілетін арнайы сыйлық:

  • «Үздік индустриялық жоба»;
  • «Үздік инновациялық жоба».

Байқау төрт кезеңнен тұрады. Қазіргі кезде сарапшылық комиссия материалдарды алдын ала бағалауды жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына сәйкес барлық ақпарат байқаудың аяқталуына дейін құпия саналады және жарияланбайды.

«Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауға Қазақстан аумағында тауар өндірумен (қару-жарақ және әскери техника өндірумен айналысатындардан басқа), қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады. Толық ақпаратпен www.altynsapa.kz сайтынан танысуға болады.

Өзгелердің жаңалығы